Kyzylorda-news.kz М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде “Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі” бөлімінің ұйымдастыруымен “Тиімді қарым-қатынас - адамгершілік негізі” тақырыбындағы шеберлік сағаты өтті. 

Шараға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева және педагогтер қатысты. Ал шеберлік сағатын “Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі” бөлімінің оқытушысы Айнұр Жетілгенова өткізді.

"Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы" деп әлемге әйгілі ойшыл, ғалым әл-Фараби айтқандай, педагогтың білімімен қатар мінезінің жақсы болуы, ойы мағыналы, сөзі әдепті болуы өте маңызды. Білім алушылармен дұрыс қарым-қатынас орнату арқылы студенттерді жаңа бастамаларға қызықтырып, бұрын білмеген қабілетін, шығармашылық бейімділігін ашуға мүмкіндік алады. Қарым-қатынас – адам іс-әрекетінің ауқымды саласы, ол өмір сүрудің, тыныс-тіршіліктің негізгі арқауы болып табылады. Адам тек сөйлеу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Ол айналасындағылармен түрлі ым-ишара, белгі, таңба арқылы да бір-біріне мағлұмат бере алады. Әртүрлі ақпарат пен жаңа әдіс-тәсілдерге толы шеберлік сағатының да маңызы жоғары болды.

Аталған тәжірибе алаңында оқытушы өзінің жеке тәжірибесінен түрлі техникалар мен жаттығулар көрсетіп, қатысушыларға жаңа білім берді.

Отызға жуық ұстаз біріккен жиында ұжымдық қарым-қатынасты нығайтып, топпен жұмыс жасай алу қабілеттерін шыңдайтын “Шаңырақ көтеру” жаттығуы, топ ішіндегі ауызбіршілікті нығайту мақсатындағы “Шатыр” әдісі, бала бойындағы ашу, ыза, ренішті ішке сақтамай, эмоциясын еркін шығаруға үндейтін “Ашулы шар” тренингі және жасөспірімдер арасындағы келемеж, жеке басқа қолсұғушылық, мазақтау сынды жағдайлардың алдын алу үшін “Буллингке жол жоқ” тренингі мен көңіл күйді көтеру, жақсы дүниелер айтып, айналаға позитивті көңіл күй сыйлауды арттыратын “Сиқырлы қобдиша” жаттығуы жасалды. Қатысушы ұстаздар барлық ойын-жаттығуларына белсене атсалысып, шара соңында Айнұр Жетілгеноваға зор алғыстарын білдірді.

Тағы да оқыңыз: