Kyzylorda-news.kz «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында «Пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыру мәселелері мен перспективалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ұстаз-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлтай Ешимованың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференция жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді оқыту сапасын жақсартуға, білім сапасын арттыруда пәнаралық байланыстар негізінде мұғалімдер мен білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға және олардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға «Өрлеу» Қызылорда облыстық филиалының оқытушылары, республиканың ЖОО-ның профессор-ғалымдары, орта білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде төмендегідей өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар оқылды:
- пәнаралық байланыстар негізінде математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
- орта мектеп физика курсында математикалық модельдеу әдістерін қолдану;
- оқушылардың зерттеу жұмысында «PROJECT BASED LEARNING» технологиясы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;
- ЖОО-ның студенттеріне математиканы оқытуда Mathematica компьютерлік математикалық жүйесін қолдану;
- оқу сауаттылығын дамытуда қолданылатын мәтін және деңгейлік тапсырма түрлері;
- Кинематика тарауын математика пәнімен кіріктіре оқыту жолдары;
- Lesson Study: білімдегі олқылықтарды жоюдың жолы және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытудың негізі.
Конференция қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданып, сұрақ-жауап арқылы пікір алмасу болды. Конференция жұмысына қатысқан педагогтерге сертификаттар, үздік баяндамашыларға алғыс хаттар табысталды.
Конференция жұмысының бес бағыты бойынша 70-ке жуық мақалалар келіп түсті, алдағы уақытта электронды жинақ шығарылады.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының қолдауымен педагогтердің қызметін әдістемелік қолдауға, құзыреттілік деңгейін арттыруға, тәжірибе алмасуға және курстан кейінгі сүйемелдеуге бағытталған шаралар жыл бойы жалғасатын болады.