Kyzylorda-news.kz   Технократтар заманында кітап-газет оқитындар азайды деп дабыл қағып жүрміз. «Кітап оқуды қойған адам, ойлауды да қояды» деген сөз бекер айтылған емес. Жас ұрпақты кітап оқуға тарту мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келелі жиындарды айтып жүр. Жақында өткен ұлттық құрылтай ел Президенті жас ұрпаққа кітап оқуды насихаттау, сапалы аудармалар жайы туралы да атап айтты. Бүгінгі ұрпақты кітап оқытуға қызықтыруда кітапхана қызметінің ролі зор. Осы орайда облыс орталығындағы белгілі А.С.Пушкин атындағы кітапхананың аға кітапханашысы Қарлығаш Сражадиновадан бүгінгі кітапхана жұмысының жайын сұраған едік. Кітапханашының айтуынша, кітапхана оқырмандарының белсенді қатсуымен ай сайын жоспарланған тақырыптар бойынша кездесулер өткізу үрдіске айналған.                                          

   – Бүгінгі таңда орталық кітапхананың  кітап  қоры – 107049, қазақ тілінде - 27608 дананы құрайды. 1 тоқсан қорытындысы бойынша кітапханаға  -1984 тұрақты оқырман тіркеліп,  кітап берілімі  - 26130, келушілер саны  11844-ді құрады, – дейді Қ.Сражадинова.

 Кітапхана интернет желісімен (wi-fi) қамтамасыз етіліп, интернет қызметін  - 167 оқырман пайдаланған.

   Кітап қорын сандық  форматқа  көшіру жұмыстары бойынша  кітапханада 2024 жылдың 1 тоқсанында  6 дана кітап сандық форматқа өткізілді. Беті- 1626.  Бүгінгі күнге дейін кітап қорынан барлығы -  180 кітап (беті-38014) электронды сандық жүйеге көшірілген.

Кітапхана жыл басынан бері түрлі тақырыпта ондаған шара ұйымдастырылған. Бұл оқырманды кітапханаға тарту үшін және белсенділігін арттыру, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында екені белгілі. Бүгінде оқырмандар да да үйренген. Кітапхананың мазмұнды шарасынан қалғысы келмейтіндер қатары аз емес. Осы орайда қалалық кітапхананың жыл басталғалы өткізген мазмұнды шараларының бірқатарына тоқтала кеткенді жөн көрдік.                                                                                                                        

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне, академик Дихан Қамзабекұлына берген көлемді сұхбаты туралы кітапхана оқырмандарымен дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында кітапханамыздың тұрақты оқырмандары Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ЗК-169-5 мекемесінің кеңесшісі Есмаханов Жалғасбай, ТОО «Марден Қызылорда» мекемесінің инспекторы Садықов Бақытжан сұхбаттың еліміз үшін, халқымыз үшін  маңызының өте зор екендігін, мазмұнды да мағыналы сұхбатта айтылған мәселелердің бәрі ұлтымыздың болашақтағы  негізгі бағыт-бағдары, алтын қазығы деп, өз ойларын ортаға салды. «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» тақырыбын арқау еткен бұл сұхбат ел өміріндегі көптеген түйткілді мәселелерді қамтыды.                                                                                                                                                        

  Өскелең  ұрпаққа «Мәңгілік ел» идеясын сіңіріп, мән - маңызын  ұғындыру және ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру мақсатында «Мәңгілік ел бастауы-рухани жаңғыру» атты кең көлемді  кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман қауымға кеңінен насихатталды.

Шараға қатысушылар Ұлы Даланың қазақ тарихында  аттары алтын әріппен жазылған  даңқты ұл-қыздары, ел тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғалар туралы дәстүрлі әдебиеттермен және мерзімді басылымдар бетіне жарияланған мақалалармен жақын танысты.Көрмеге жалпы 50 -ден аса кітаптар және баспасөз басылымдары қойылды. Көрмеге  қойылған  кітаптарымыздың  өскелең ұрпаққа  берері мол,- деп өздерінің жүрекжарды ойларын білдірді.

    Абылайхан  атындағы №140 орта мектеп оқушыларының қатысуымен  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі жолдауына орай «Ұлағатқа бастар ұлттық жолдау» атты ақпарат сағаты өтті. Шара барысында кітапхана оқырмандары жолдаудың кезең-кезеңдерімен танысып, өз ойларын ортаға салды. Шараға арнайы «Ұлағатқа бастар ұлттық жолдау» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 3 томдық кітабы, О.Сәбденнің «Шағын бизнес негіздері» және «Шағын кәсіпкерлікті басқару», Д.Қуатованың «Кәсіпорын экономикасы», «Қазақтың Ата заңдары» және де тағы басқа кітаптар қойылып оқырмандардың ерекше сұранысына ие болды.                                                                                                                                                        

     «Мәдени мұра» бағдарламасы  аясында «Құндылық бастауы-кітапхана» атты ашық есік күні өтті. Ашық есік күніне Абылайхан атындағы №140 орта мектептің 7 сынып оқушылары сынып жетекшілері орыс тілі пәнінің мұғалімдері Теңізқұлова Зияда, Ыбрай Нұрайлым қатысып,  кітапхананың пайдалану ережелерімен, жүйелік және алфавиттік каталогтың жұмысымен, кітапхананың тарихымен, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерімен, танысты. Сонымен қатар, биылғы «Бір ел-бір кітап» республикалық  акция аясындағы жыл таңдауы қазақ балалар жазушысы  Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған «Ұлттық әдебиетіміздің классигі », «Мәңгілік ел бастауы –рухани жаңғыру», «Сахна саңлағы», «Мерейтой иелері» атты кітап көрмелерімен  жақын танысып, кітапхана жайлы көптеген мағлұматтар алды. Шара соңында  жастарды кітапхананың мүмкіндіктерін пайдалануға шақыра отырып, кітапхананың мекен-жәйі жазылған және  кітапхананың веб сайты, Instagram, Facebook  әлеуметтік желілері  жазылған жарнамалық парақшалар таратылды.

    Біртуар актриса, қазақ өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың туғанына 105 жыл толуына орай «Сахна саңлағы» атты танымдық сағат өтті. Еліміздің мәдениеті мен өнері жолында артына өшпес мұрасын, айшықты қолтаңбасын қалдырып кеткен тұлғаның өмірбаяны мен шығармашылығына арнайы «Ұлы өнер- ұрпаққа үлгі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман қауымға кеңінен насихатталды. Актрисаның өзінің отбасылық мұрағаты мен ұрпақтарынан жинақталып, сұрыпталып алынған фотосуреттер мен майталман шебердің өміріндегі айтулы тарихи сәттері айқын көрініс тапқан «Халық перзенті» сериясымен шыққан Әмина Өмірзақова атты фотоальбом, «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген Сейілғазы Әбдікәрімнің Әмина Өмірзақова (Ғұмырнамалық деректі хикаят) кітабы ерекше сұранысқа ие болды.                                                                          

    Ұрпағына асыл мұра қалдырған қазақтың ұлы ақыны, жазушы, жерлесіміз Жақсылық Түменбаевтың  «Тас бөгет» повесі бойынша, Абылайхан атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен  кітап талдауы өтті. Талдау барысында кітапхана оқырмандары  шығарманың мазмұны бойынша өз ойларымен бөлісіп, повестің желісі  бойынша дайындалған сұрақтар төңірегінде шығармада айтылғандай, жас адамның қалыптасуын, сонымен қатар өмірдегі,еңбектегі алғашқы қадамы нанымды суреттелген көріністер мен  есте қаларлықтай жанды кейіпкерлер туралы өз ойларын ортаға салды.                                          

     Қазақстанда «Бір ел-бір кітап» республикалық  акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акция аясында биылғы жыл таңдауына көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің бәйтерегі, 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары жаппай оқуға ұсынылып отыр. Осы орайда,«Ұлт әдебиетінің классигі» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кешке арнайы кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Белсенді жас оқырмандар «Менің атым Қожа» фильмінен сахналық көрініс көрсетіп, өнерлі балалар бірнеше ән шырқады.                                                                                                        

«ҚХП» Қызылорда облыстық филиалының өкілдері  кітапхана ұжымымен кездесті.

Басқосу барысында Облыстық филалдың төраға орынбасарлары Қазақстан Халық партиясының бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарын кітапхана ұжымына жеткізіп, алдағы мақсат-міндеттерін таныстырды.Кездесу барысында көзге көрінбейтін кітапхана жұмысының  қыр -сырын, оқырмандардың сұранысы қаншалықты қанағаттандырылып жүр? осы және өзге де мәселелер бойынша партиялық бақылау жүргізді.

Оқырманға қолайлы жағдай жасау үшін кітапхана қызметі жоғарғы деңгейде болу керек деп,өз ойларын да жеткізді.                                                 «Абылайхан атындағы №140 орта мектептің 9-сынып оқушыларының қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа орай  «Адал ұрпақ -мәңгілік елдің кепілі» атты ақпараттық дайджест өтті. Шара барысында арнайы ұйымдастырылған «Адал ұрпақ -мәңгілік елдің кепілі» атты кітап көрмесі таныстырылып, сынып жетекшісі Айтхожаева Айжан Абдукаповна шараға қатысушыларға сыбайлас жемқорлық - ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп – қатерлерінің бірі болып табылатынын және де жемқорлық - мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет екеніне  ерекше тоқталып өтті. Шара нәтижесінде кітапханаға 8-жаңа оқырман жазылды.                                                              

    Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына -35 жыл толуына орай «Отқа оранған он жыл» атты патриоттық кеш өтті.  Кездесуге «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров және Бекпан Алтынбек Жамалұлы, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық – атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері, Н.А.Ахмадиева атындағы №112 орта мектептің 9 сынып және Абылайхан атындағы  №140 орта мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты. Кездесуде  Ауған соғысы туралы слайд көрсетіліп, «Ауған қасіреті» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Қаза тапқандарды еске алып бір минут үнсіздік жарияланды. Кітапхананың белсенді оқырмандары «Ана мұңы» атты көрініс көрсетіп, көрермен жүректерін бір тебірентті. Сонымен бірге Ауған соғысы жайлы өлеңдер оқылып  ән орындалды,оқырмандар  ардагерлерге өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

   Археолог, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Кемел Ақышевтың туғанына 100 толуына орай «Ұлы даланың кемеңгер ғалымы»атты  танымдық сағаты өтті.

Кемел Ақышев археологияның арқасында есімі тарихта қалған белгілі ғалым. Ол Қазақстанның есімін әлемге паш еткен «Алтын адамды» тапты. Оның бізге белгілі 200 ғылыми еңбегі мен 15 кітабы бар.Шара барысында оқырмандар кітапхана  қорындағы «Ертедегі ескерткіштер елесі» кітабында берілген Бесшатыр обаларының сыры мен Есік қорғанынан табылған алтын киімді адам, Отырар қаласының құпиясы жайлы қызықты мәліметтермен танысып, К.Ақышевтың жазған еңбектеріне қызығушылық танытты.

  Жазушы Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Еркін ойлы қаламгер» атты бір жазушының көрмесі өткізілді. Көрменің мақсаты: жазушы Саттар Ерубаевтың шығармаларын насихаттау, кітапханаға оқырман тарту. Шара барысында оқырмандар кітап көрмесіне қойылған  Ж.Боранбаевтың «Тума талант-Саттар Ерубаев», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», «Мәңгілік өмір», «Қазақ әдебиеті » энциклопедиялық анықтамалық  және жазушының тағы да басқа шығармаларына арналған кітаптармен танысты.          

    Қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толуына орай,  «Қызылорда Сейхун» колледж студенттері мен оқытушыларының қатысуымен  «Жыр дариясына айналған ақын» атты әдеби жыр кеші өтті. Кешке арнайы  «Сырда туған сыршыл ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге тау тұлғалы таланттың шығармашылық жолы мен жеке өмірі туралы кітаптар, ақын туралы замандастарының естеліктері т.б.кітаптары қойылып, оқырманның ерекше сұранысына ие болды. Кітапхана оқырмандары Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.              

     1 наурыз «Алғыс айту» күніне орай, Абылайхан атындағы жоғары колледж ұжымымен бірлесе жалпыхалықтық мереке күніне арналған «Алғысым шексіз!» атты мерекелік  достық кеші өтті. Мерекелік  кешке арнайы кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.Шара барысында, жастарымыз бүгінгі көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін халықтар достығы  жайлы жүрек жарды өлеңдерін  жатқа оқып, арнайы пән оқытушысы Майра Мәтенқызы әсем әнін жолдап, өздерінің  келелі ой-пікірлерін  жеткізіп, алғысын білдірді.Сонымен қатар колледж кітапханашылары Айымкүл Омарқызы мен Нүргүл  Бұхарбайқызы  қазақ халқының сан қилы  тағдыры туралы, елімізді паналаған өзге ұлт өкілдеріне деген  ұлтымыздың қамқорлығы, шынайы достық сезімі туралы келелі әңгімелер қозғап, кәзіргі бақытты өмірімізге  ризашылығын білдіре отырып, еліміздің жарқын болашағына деген нық сеніммен шараны қорытындылап, барлық шараға белсене қатысқан жастарға және қонақтарға алғысын білдірді.                                                                                                                          

     8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Абылайхан атындағы жоғары колледж студенттерінің қатысуымен, «Ана-бақыт жанашыр» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырылып, библиографиялық  шолу жасалды.Көрмеге  қоғам, ел өміріндегі  әйелдердің орны, қуаныш-мұңы, нәзік сыршыл сезімдерге, ой-орамдарға толы әйел тағдыры, отының өшпеуін, шаңырағының  құламауын тілейтін аналар туралы әңгімелер жинағы, өлең жырлары қойылды. Шара соңында кітапхана меңгерушісі Айымкүл  Омарқызы кітапхана ұжымына дүниенің шуағын, мың ғаламның жақсылығын, ару қыздарға ізгілігі мол қазақтың ару қыздары болуларына шын жүректен ізгі-құрметін білдірді.

      Ұлыстың Ұлы күні наурыз мейрамы қарсаңында, кітапхана жанынан құрылған «Сырласу» қыз-келіншектер клуб мүшелері және Абылайхан атындағы жоғары колледж студенттерінің  қатысуымен «Моншақ - киімнің көркі» атты шеберлік сағаты өтті. Шара барысында клуб мүшелері  ұлтымыздың салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін насихаттау аясында, қыз-келіншектеріміздің күнделікті өмірде тағып жүретін заманауи ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдардың моншақ, бисер, түрлі-түсті тастармен безендірілген тақиялардың жасалу технологиясы туралы айтып, бұйымдардың дайындалу әдістері мен ерекшеліктеріне тоқталды. Киім дайындау технологиясы шеберханасының технологы Жапан Индира Қалдыбекқызы, заманауи сән үлгісіне сәйкес бұйымды безендіру қолөнершілер мен дизайнерлердің қолынан шыққан, өте күрделі еңбек екенін атап өтті. Шеберлік сағат қатысушыларға керемет әсер және көтеріңкі күй сыйлады.                                                                                

   Рухани ойлау дәрежесі биік, білікті де білімді  азаматтар тәрбиелеу мақсатында «Белсенді оқырмандар жанұясы» атты оқырман бенефисі  Жөкеновтер отбасының қатысуымен өтті. Анасы- Туманова Нышанкүл Алмасқызы және қызы Абылайхан атындағы №140 орта мектептің 7сынып оқушысы Сәкен Жанерке Сәкенқызы өздері оқыған кітаптары мен кітап оқудың  тәрбиелік мәні туралы айтты. Абайдың қара сөздерінен бастап, қазақ ақындары  М.Мақатаевтың, Ә.Тәжібаевтың, Ф.Оңғарсынованың өлеңдерінен үзінді оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нышанкүл Алмасқызы бос уақытында айналысатын сүйікті ісі кітап оқумен бірге, тоқыма тоқып дәмді ас әзірлеуді, ал Жанерке сурет салуды ұнататынын айтып өтті. Шара соңында бенефис қонағы кітапхана ұжымы мен оқырмандарына өз ризашылықтарын айтып, жылы лебізін білдірді. Кітапхана ұжымы қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа  өмірлік ұстанымына жол ашатын, мәдени мұрамызды дәріптейтін, руxани сарқылмас қазынамыз – кітапты оқып, рухани бай болуға шақырды.

    14 наурыз -Көрісу күні -амал мерекесі. Жаңа жылдың  басы болып саналады. Жер беті жанданып, тіршілік атаулы оянып, адамзат  қуанышқа бөленеді. Халық қыстан аман – есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші – көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір – біріне деген араздық, өкпе-ренішін ұмытып, амандық тілейтін мереке. Күн мен түн теңеліп, халқымыз бір-бірімен көрісіп, ақ тілектер айтылады. Осынау атаулы мерекеге орай, «Амал келді, жыл келді» атты амал мерекесі өтті. Оқырмандар назарына  «Салтым – алтын қазынам » атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып,  библиографиялық шолу жасады. Шара барысында Абылайхан атындағы жоғары колледж кітапханашысы Нүргүл  Бұхарбайқызы Амал мерекесіне арнайы  ұйымдастырылған іс-шараға алғысын білдіріп, жастарымызға - «Алшаң басып амал келді, жыл келді, жастарыңыз құтты болсын! Жақсылық, ілтипат білдіретін дәстүрлер, әдет-ғұрыпқа сай көріністер жалғасын таба берсін!»-деп жылы лебізін білдірді.                                                                                                    

    «22 наурыз Ұлысытың ұлы күніне» орай, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі студенттерінің қатысуымен «Ата салтым – алтын қазына» атты Бата беру сайысы өтті. Осы орайда, ата салтын ардақтап, айтар сөзін салмақтап, тыңдағанын зерделеп жүрген жастарымыз «Атадан қалған асыл сөз», «Мақал- сөздің мәйегі » атты екі кезеңнен тұрған сайыста қатысушылар, алдын ала дайындап әкелген батасын мәнерлеп, көрнекіліктерімен, нақышына келтіріп айтып берді. Сайысты 23-03 тобының студенті Төлебаев Кемел Төле бидің Қаздауысты Қазыбек биге берген батасынан бастады. Келесі кезекте Бесікке салу -нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімін, 23-07 тобының студенттері жол-жоралғысын көрсетіп, соңынан бесікке ақ батасын берді Үшінші сайыскер 23-05 тобының студенті Абатова Ханшайым -Тұсаукесерді, жеті немеренің әжесі Данагүл әжеге ырымдап кестірді.Төртінші қатысушы 23-01 тобының студенті Әбдуғани Ислам, баланың тұсауын кесуге арналған батамен аяқтады. Екінші кезеңде қатысушылар, әділ қазылар берген бата туралы мақалдарың жалғасын тауып айтып берді.Сайысқа қатысқан барлық жастырымыз өздерін өте жоғары деңгейде көрсетті.                                  

   27 наурыз- Халықаралық театр күні. Бұл күні дүниежүзінің барлық театр қайраткерлері кәсіби  мерекесін  атап өтеді. Халықтар арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайту, қазақ мәдениетін дамыту әрі сақтау, театр ұжымдарының жеткен жетістіктері мен тыныс-тірішлігін насихаттау мақсатында, жүйеге қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада «Өнердің қара шаңырағы» атты ақпараттық дайджест өтті. Шараға «Абылайхан » атындағы жоғары колледж студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Шара барысында оқырмандар  Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің, театр өнерпаздарының өмірі мен шығармаларына туралы әдебиеттер мен өнер майталмандарының шығармаларына арналған естеліктермен, театрларда сахналанған  қойылымдар, сонымен қатар 1925 жылы Қызылорда қаласында алғашқы қазақ театрының шымылдығы ашылғаны туралы көптеген қызықты ақпараттар алды.

  Сыр өңірінің жаңалықтарын жариялаушы қоғамдық-саяси әлеуметтік-ақпараттық тарихи-танымдық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына биыл 30жыл. Сыр өңірінің алғашқы жекеменшік басылым ретінде жарық көрген алғашқы газеті. Осы орайда, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана, №4 және №6 кітапханалар бірлесе отырып «Сыр Медиа» орталығында «Газет-халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» атты тақырып аясында журналистер қауымымен жылы  кездесу өтті. Кездесу барысында газеттің бас редакторы  Гүлмира Мағлұмқызы Ділдәбекова басылымның шығу тарихы, таралымы, болашақтағы бағыт-бағдары, баспасөздің қоғамдағы  рөлі,  газет көтеретін мәселелер, тағы да басқа өзекті жайлар туралы әңгіме өрбітті. Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС-да ардагерлер ұйымының төрағасы,  газеттің ардагері  Кенжалы Ерімбетов ағамыз басылым туралы және де журналистердің  атқаратын толассыз істерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бас редактордың орынбасары Дәулет Қырдан, газет тілшісі, ақын апайымыз Гаухар Қожахметова, газеттің ақпараттық шеф редакторы Айдана Сейіл және ақпараттық агенттігінің тілшісі Нәзира Муқатаевалар қатысып кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.                                                                                                                                    

    1 сәуір - күлкі күні! Әзілге толы бұл күннің шыққан жылы мен тегі әлі күнге дейін беймәлім. 1 сәуір ресми  мереке емес. Тек адамдар бір-бірімен  қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күллі жамағат  ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін  көтереді. Бұл  дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда. Осы орайда, жүйеге қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана Сейхун колледжінің 2 курс студенттерінің қатысуымен сатирик, Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Ләм-мим», «Аһ-үһ» кітаптарының, «Ым-жым», «Тойда жолығайық», «Қалай болса – солай» атты бірнеше өлең жинақтарының авторы Толымбек Әлімбекұлының мерейтойына арналған «Күлкі –жанның шипасы» атты мерекелік іс-шара өтті. Шара барысында оқырмандарымыз сықақшы Толымбек Әлімбекұлының заманның лебі мен адамның демі  арасындағы келеңсіз жайлар, өлеңдеріндегі ащы сатира, өткір сарказм және жеңіл әзілмен құралған шығармаларымен танысты. Сонымен қатар шығармаларында тіл, саясат, әлеуметтік мәселелер, ұлттық тақырыптарда кеңірек қамтылған. Сейхун колледжінің бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі бөлімінің пән мұғалімі Шырманбаева Ақбота шараға қатысушыларға атақты сатирик Сейіт Кенжеахметұлы ағамыздың : «Күлдіре білу — өнер, күле білу — өмір, күлкі болу — өлім» деген сөздерін айтып, әрдайым шынайы күліп жүріңіздер деп жылы лебізін білдірді.

    2-сәуір -Халықаралық балалар кітабы күні! Кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Осы орайда, А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада  «Балалар бұрышы» оқырмандарының қатысуымен  «Тапқыр оқырман »  атты  әдеби лото ойыны ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты: Өскелең ұрпақтың ойлау қабілеттерін, ойлау ұшқырлығын  кітап оқуға ынтастын арттыру. Есте сақтауын, ой -өрісін белсенділігін дамыту.Кітап күнінің маңыздылығы мен  кітап оқудың қажеттілігін дәріптеу, кітапханаға оқырман тарту  болып табылады.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері балаларға Халықаралық кітап күнінің тарихы туралы, Г.Х.Андерсеннің өмірбаяны және оның керемет ертегілері жайлы көптеген қызықты мағлұматтар берді.

Әдеби лото ойынының қатысушылары  «Білгіштер» мен «Ойшылдар» болып екі топқа бөлініп,  «Кітап – сенің өміріңде», «Қаламгерлер балаларға», «Мақал – мәтелді жалғастыр» атты сайыс бөлімдері бойынша берілген сұрақтарға  толықтай нақты жауап беріп, өздерінің   білімдерін жоғары  деңгейде көрсете білді.  Ойын соңы «Достық» жеңісімен аяқталды. Шара соңында Абылайхан атындағы №140 орта мектептің кітапхана меңгерушісі  Махаббат Бақытбекқызы  жас оқырмандарымызға,  кітап – барлық білім мен ғылымның қайнар көзі, сарқылмас бұлағы, кітап сегіз қырлы, терең сырлы тәрбиеші, ұлы үйретуші екенін айтып, кітапхана ұжымына жылы лебізін білдірді.

     7-сәуір Дүниежүзілік денсаулық күніне орай жүйеге қарасты А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада Сейхун атындағы колледж студенттерінің қатысуымен «Ғасыр індетінен сақтанайық!» тақырып аясында денсаулық сағаты өтті.  

Шара барысында кітапханашы Төлендиева Данагүл студенттерге  адам денсаулығы - қоғам байлығы екенін, ал бақытты ғұмыр кешу үшін, ең алдымен  мықты денсаулық керектігін, сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру  жалпы зиянды әрекеттерден аулақ болу керектігін айтып, балаларды ойынға шақырды. Студенттер  спорт, денсаулық, жеке гигиена жайлы шар ішіне жасырылған сұрақтарға жауап беріп, ойынға  белсене қатысты. Мақал-мәтелмен жарысып, өз білімдерін көрсетті. Сонымен қатар кітапханада «Дені саудың -жаны сау» атты  кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға таныстырылды. Денсаулық сабағы өте қызық өтті.

Шараның мақсаты жастарымызды салауатты өмір салтын қалыптастыруға тәрбиелеу, жеке бас гигиенасын сақтауға, дұрыс тамақтануға, дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға, жаман әдеттерден сақтандыру, ішімдік пен темекінің жас организмге зиянды екенін насихаттау болса, мақсат орындалды деуге болады.

Бір айта кетерлігі кітапхана оқырмандары мұнда тек кітап оқу үшін ғана емес, мазмұнды кештердің, келелі кездесулердің куәсі болуға келеді. Жастарды мазмұнды сұхбатқа толы кештерде жақсы әңгіме, үлгілі тәлім-тәрбиеге толы өсиет тыңдауға ықпал еткен кітапхана ұжымының еңбегі зор.   

Тағы да оқыңыз: