Kyzylorda-news.kz Химия өте нәзік ғылым, мысалға физикада бәрін қолмен ұстап көріп білуге болады. Ал химияда ше? Атом деген не өзі? Электрон ше? Ядро ше? Олардың ешқайсысын көзбен көріп қолмен ұстай алмаймыз. Әрі элементтер қасиеттері бір-біріне өте ұқсас келеді. Десек те қазіргі уақытта өмірді химиясыз елестету мүмкін емес. Химия халық шаруашылығының барлық саласына енді. Қарапайым тірлікте химиялық қоспасыз өнімнің болмайтыны ақиқатқа айналды. Қайда қарасақ та, қай жаққа көз жіберсек те барлық жерде химия құлашын кеңге жайған. Сондықтан химияны оқыту жаратылыстану ғылымы ретінде мектептің оқу бағдарламасына енген.
Жас ұрпаққа ғылымның алғашқы баспалдағын қалауда химия пәні мұғалімінің орны ерекше. Іңкәрдариялық ұстаз Әйгерім Сұлтанбекқызы пәнге деген қызығушылығын шыңдап, болашақ маман¬дығын осы пәнмен байланыстырған. Ұстаз ретінде алғашқы еңбек жолын химия пәнінің мұға-лімі ретінде бастап, соңғы 15 жылдан бері ауыл мектебінде ұстаздық етеді.
Жас та болса зерттеуші санатын алған білікті ұстаз Әйгерім Жәлімбетова оқушыларды химия пәніне қызығушылығын арттыруда ізденіп, талмай еңбектенуде. Бүгінде өзі еңбек ететін мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, әріптестерінің мүддесін қорғауда алдына жан салмайды.
Мақтаулы ұстаздың шәкірттері ғылыми жоба, пән олимпиадасында республикалық деңгейде жетістікке жетуде.
– Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында теориялық сабақпен қатар прак¬тикалық әдісті қатар жүргіземін. Оқушылар өз қолдарымен химиялық қоспалар арқылы түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін мектепте барлық қажетті құрал-жабдықтар жасалған. Ғылыми жоба дайындауда тың тақырыптарды алып, оны зерттеп, тұжырымға келуге жыл бойы жұмыс жасаймыз. Республикалық олимпиадада шәкіртім Ақгүл Махмут екінші орын алса, ғылыми жоба конкурсында аудан бойынша Аида Алпысбай бірінші орынмен марапатталды. Сонымен қатар Бекзат Әуелбек, Әйгерім Дайрабайқызы, Айдын Темірбай, Шынар Бекентай, Ақарыс Махмут үздіктер қатарынан көрінді. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігі еткен еңбектің жемісі, – дейді ұстаз Әйгерім Сұлтанбекқызы.
Қарапайым ауыл баласын ғылымға үйретіп, олардың болашағына кірпіш болып қалану – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Әйгерім Жәлімбетова «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ұлттық құндылықтар негізінде жаңар¬тылған мазмұнда оқыту» аудандық семинарда жоғары деңгейде сабақ көрсетіп, әріптестерінің жоғары бағасын алды.
– Мектепте аға буын ұстаздардың жолын жалғап, үздіктер көшін бастап келе жатқан ұстаз Әйгерім Сұлтанбекқызы педагогикалық ұжымның мақтанышы. Оқушылардың арасында химия пәні бойынша жетістікке жетіп, ұстаз абыройын асырған шәкірттері жетерлік. Білім берген оқушыларының алды жоғарғы оқу орындарын бітірген, еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүрген бір-бір маман иелері. Кейінгілері жоғарғы оқу орнының студенттері. Олардың арасында ұстаздықты таңда-ған шәкірттер де бар, – дейді әріптесі Елена Қасымқызы.
Бас аяғы 17 жылдық еңбек өтілінде талай марапат иесі атанған Әйгерім Сұлтанбекқызы үшін алған әрбір мадақтама мен алғысы жауапкершілік жүгін арттыра түседі. Себебі оқушыға әріп танытып, оқу мен сызуды үйретуден бөлек, белгілі ғылымға баулу «инемен құдық қазғандай» ұзақ та ізгі еңбек. Сол қажырлы еңбек жолында өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген ұстаздың ғана тәлімі тағылымды болмақ.
Бибісара Жанәлі