Kyzylorda-news.kz. 1 қыркүйектен бастап елордада арнаулы орта білім беру саласында жаңа жүйе іске қосылады. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев толығырақ айтып берді.
«Биыл алғаш рет колледждерде 10-11 сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүргізілді. Нәтижесінде 270 оқушы қабылданды. Олар 1,5 жылдан кейін білім туралы аттестатпен қатар жұмыс біліктілігі бар диплом алып шығады», - деді Қасымхан Сенғазиев Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Білім басқармасы басшысының мәліметінше, елордада 33 колледж бар. Онда 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша кадр даярланады. Биыл елорда колледждерінде оқуға 11 937 өтініш тсүкен.
Айта кетейік, бүгін елордада жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды. Қалалық білім басқармасының басшысы білім беру ұйымдары қауіпсіздік құралдарымен толық қамтылған деп сендірді.