Kyzylorda-news.kz  «Еркін елдің ертеңі - кемел білім мен ана тілінде» тілдер бөлімінің апталығы аясында қала мектептері арасында «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар»  тақырыбында дебат сайысы өтті.                

Пікірсайыс – жетістікке жетудің бірден бір құралы. Ойды жүйелеп, өткір сөйлеп қана қоймай, тыңдап, талдап, эмоцияны ақылға билету, мәселенің мәнін ашып, әр тарапты түсіну мүмкіндігін де береді. Сонымен қатар ол – тәртіп пен тәрбие. Бұл ойында пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, тәртіп сақтауды үйренеді. Дебатқа қадам басқан күннен бастап оқушылардың сөйлеу әдебі сыпайылық түріндегі «Сіз» сөзіне ауысып, айналасындағы адамдарға «ханым, мырза» –деп құрмет көрсетуге дағдылана бастады. Ойын барысында ойыңызды тура жеткізуге, нақтылыққа, жүйелілікке, айтылған қарсы пікірге қарамастан өз ойыңыздың дұрыстығын дәлелдеуге үйренесіз. Бойыңызда білімділік, батылдылық секілді қасиеттер мен көпшілік алдында әдепті сөйлеу дағдысы қалыптасады.

Дебаттар логикалық және сыни тұрғыдан ойлауды, коммуникативті мәдениетті және халыққа сөйлеу дағдысын дамытады, өздігінен шешім қабылдауға дайындайды, қоғамның болашақ көшбасшылары ретінде тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді. Дебат тәртіпке бағынады. Қарсыластың жеке басына тиісуге болмайды. Дебатта уақыт шектеулі. Сондықтан оны дұрыс жоспарлай білу керек. Қатысушы білімді, батыл және әдепті болуға тиіс. Ең бастысы, дебат ұрыс алаңы емес, нақты тақырып аясында арнайы ережелер негізінде ой жарыстыру.

Қазіргі уақытта мектепішілік дебат қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.

«Орда» колледжі ұйымдастырған оқушылар арасындағы сайысқа 6 фракция қатысып, тақырып бойынша сөз шеберлігі мен ой ұшқырлығын көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша: I орын – И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей «Руханият» фракциясы, II орын – А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі “Ахмет жастары” фракциясы, III орын – Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицей «Жүргенов жастары» фракциясы жеңімпаз деп танылды. «Ең үздік спикер» номинациясымен Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицей оқушысы Жұмабек Асем марапатталды.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: