Kyzylorda-news.kz Сынып жетекшілеріне 3 есе көп үстемақы қашан қосылатыны туралы сауалға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ
«Жақында жиындардың бірінде сіздің «сынып жетекшілерінің үстемақысы үш есе көтеріледі» деп айтқан видеоңыз тарады. Оның алдында бұл мәселе Қаржы министрлігімен бірге шешілетінін мәлім еткен едіңіз. Сынып жетекшілеріне үш еселік үстемақы қашаннан бастап қосылады? Бұл мақсатта бюджеттен қанша ақша керек? Министрліктің есебі бар ма? Қаржы министрлігіне осы жөнінде ұсыныс (бюджеттік өтінім) жолданды ма? Қазақстанда қанша сынып жетекшісінің айлығына үстемақы қосылады?» – деп сұралды министрден.
Ғани Бейсембаевтың жауабы толыққанды болмады. Атап айтқанда, бұл бағытта қанша қаражат керектігін министрлік нақты атамады.
«Қолданыстағы Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесімен (бұдан әрі-Еңбекақы төлеу жүйесі) сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін базалық лауазымдық айлықақыдан (бұдан әрі-БЛА) 50% және 60% мөлшерінде (1-4 сыныптар үшін БЛА-дан 50%, 5-11 сыныптар үшін БЛА-дан 60%, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында БЛА-дан 50% мөлшерінде) қосымша ақы қарастырылған. Қазіргі уақытта педагогтерге сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін Еңбекақы төлеу жүйесімен белгіленген қосымша ақының қолданыстағы мөлшерін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Өз кезегінде министрлік ұсынылған бастамаға бюджет қаражатының қосымша қажеттілігін айқындап, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға заңнамада белгіленген тәртіпте ұсыныстар енгізуді жоспарлап отыр. Сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін белгіленген қосымша ақының қолданыстағы мөлшерін 3 есеге ұлғайту мәселесі әзірше талқылануда», – делінген жауапта.
Қазіргі уақытта Қазақстанда сынып жетекшілігі үшін мұғалімдердің тек 10 мың теңге үстемақы қосылады.
Сурет: © iStock.com / Nikada