Kyzylorda-news.kz Статистикаға сүйенер болсақ, аудан педагогтарының 80 пайызы – әйел кісілер екен. Педагог ерлердің үлес салмағы қай өңірді алып қарасақ та, 20 пайыздан аспайды. Бала тәрбиесіне келер болсақ, әкенің рөлін басымырақ көретін халық мектепте ер мұғалімнің көбірек болуы құп көреді. Өйткені ер баланың бойына нағыз азаматқа тән мінез-құлық пен ержүректікті дарытуда ер адамның тәрбиесі аса қажет.
Түр сипаты қатулы болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ Ерболат ағай туралы мақаланың кіріспесін осындай оймен бастауыма өзіндік себебі бар. Олай деуімнің себебі, ағайдың тәлім-тәрбиесін біз де көріп өстік. Мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Ерболат Садықов он жеті жылдан бері білімнің қара шаңырағында жемісті қызмет етіп келеді. Мектептегі ұл балалардың «қорқатын», «әкеңе айтамыны» сияқты бұзақылық жасай қалған сыныптың ұлдары тәрбие бөлімінде Ерболат ағайдың алдынан бір-ақ шығатын еді. Ағай оларға бірде әкедей ақылын айтса, бірде досындай сырласып отырып, түзу жолға жетелеп, тәрбиеге салатын.
Білікті маманның білім саласына келуі де бекерден бекер емес. Жастық шағынан әскери салаға қызығып, осы бағытты жанына серік еткен. Білімнің қара шаңырағы атанып кеткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алып, біршама тәжірибе жинақтаған. Ал еңбек жолы университет қабырғасында-ақ басталған. Алғашында дене шынықтыру пәні бойынша сабақ берген ол оқуын тәмамдаған соң туған ауданына қызмет қылуды жөн санап, қара шаңыраққа ат басын тіреген. Енді ғана оқу бітіріп, жалындап тұрған жас педагогке сұраныстың жоғары болғаны айтпаса да белгілі. Сол уақыттан қазіргі дейін негізгі біліміне сәйкес алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс жүргізіп келеді.
Мектеп оқушыларының бойына азаматтық әрі патриоттық сезімді қатар сіңіру бағытында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаз мектептегі білімнен бөлек қоғамдық өмірде өте белсенді. Өзінің де, оқушыларының да жетістігі жетерлік. Мектеп жанындағы «Жолда жүру ережесі» үйірмесінде жұмыс жасап, түрлі деңгейдегі сайыстарға әлі күнге дейін оқушыларды дайындап жүр. Ең алғашқы ауқымды жетістігі үйірме оқушыларымен Өскемен қаласында республикалық жарыстан жүлделі орын алуы болған. Бұл жетістік енді тәжірибе жинақтап келе жатқан жас мұғалім үшін күш-жігер бергені сөзсіз. Кейіннен осы бағыттағы жұмыстар ауқымы кеңейіп, 2018 жылы халықаралық деңгейдегі Ресей Федерациясы, Анапа қаласында өткен жолда жүру слетіне қатысып, оқушылары жүлделі екінші орынды жеңіп алуы мұғалімнің өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттыра түскен.
Бүгінгі күні «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» үйірмелерінің жұмысы қарқынды дамып келеді. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үйірмесі ер балаларды мектеп жасынан әскери өмірге үйретіп, бағыт-бағдар беруді қамтамасыз етеді. Аталған үйірмелер жұмысы негізінде әскери оқу орнына түскен оқушылар да жоқ емес. Олардың алды қазіргі таңда оқу бітіріп, беделді қызметке араласуда. Бұл тұста жастайынан бала бойында әскери өмірге деген сүйіспеншілікті арттырып, ер азаматқа тән тәрбие бере білген мектеп, үйірме жұмысын айтып өту өте орынды.
2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың «Алғысына», 2020 жылы сол кездегі облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісіне, сонымен қоса облыстық білім басқармасы басшысының арнайы марапатына ие болған Ерболат Асанұлының халықаралық деңгейдегі «Алғыс хаттары» да бар. Жетістіктерінің ішінде «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік төсбелгісінің шоқтығы биік. Ерболат ағайдың бәйгеге қосқан оқушыларының да марапаттары баршылық.
– Еліміздің басшысы әр жылғы Жолдауында білім саласына міндетті түрде тоқталып өтетіні анық. Себебі, білімді ұрпақ – ел ертеңі екенін айтпаса да түсінікті. Осы тұста халық игілігі үшін жұмыс жасап келе жатқанымызды мақтан тұтамын. Тәрбие мен білім – егіз ұғым. Ұлтымыздың жанашыр ұрпағын тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеміз, – деп қорытындылады өз ісінің білікті маманы.
