Kyzylorda-news.kz.«Оқуға құштар мектеп» жобасы  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес бекітілген жоба.  Жоба аясында еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптарын насихатталып жатыр.  

Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті. Осы тұста облысымызда аталған жоба аясында жыл басынан бері  «Білім алушыларды пәндер арқылы көркем әдебиет оқуға тартудың жолдары»,  «Виртуалды білім беру ресурстары- кітап оқудың қайнар көзі», «Оқуға құштар мектеп жобасы: оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдірудегі рөлі» тақырыптарында облыстық семинарлар өткізілді.  

«Қазір оқу сауаттылығы қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі.  Сондықтан оқушылардың оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында өңіріміздің барлық білім беру ұйымдарында «Ең көп оқитын сынып» байқауы, «Мен оқимын және сізге кеңес беремін» библио-кросы , «2023 жылы өзім оқыған ең қызықты кітап» бук-слэм , «Менің өмірімді өзгерткен кітап» видероликтер байқауы, «20 минут оқы да 3 минут эссе жаз» акциясы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қоғамдық- гуманитарлық пән бірлестігінің апталығы, Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған «Сүйіспеншілікпен кітап сыйла», жастардың эпостық жырларға құштарлығын арттыру бағытында  «Бабалар үні» танымдық акциясы, ата-аналармен жұмысты ұйымдастырып, бірыңғай оқырман қауымдастығын қалыптастыру үшін «Оқырман ана» фестивалі, «Кел балалар оқылық» кітап оқу чемпионаты, отбасылық ертегі оқу күні аясында «Әжем айтқан ертегі», жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Ең оқуға құштар топ» байқаулары өткізіліп келеді. Сонымен қатар, облысымыз республикалық челлендждерге де белсенді қатысады. Атап айтар болсақ, «Қыста кітап оқимыз, жадымызда тоқимыз»  тақырыбындағы қысқы каникул кезіндегі челленджіне өңірімізден 18202 оқушы қатысты. Жақында ғана  республикалық  «Менің сүйікті кітабым» челленджінде оқушыларымыз тағы да өз белсенділіктерін көрсетіп, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасын оқуды Маңғыстау облысына жолдаса , Қостанай облысынан Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романын оқуды қабылдап алды.  Бұл челлендж білім алушылардың кітап оқу мәдениетін дамытып, белсенді оқуына үлкен септігін тигізді», делінген  облыстық оқу орталығы «Кітапхана және қосымша  білім» бөлімінің ақпаратында. 

Кітап оқу - адамның ойын байытып, сауаттылығын арттырып, білім нәрімен сусындатады. Білім мен рухани құндылықтарды  меңгертудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім берудегі адамның қоғамда табысты болуына,  бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейінің дамуына «Оқуға құштар мектеп» жобасының әсері мол екені анық .
   
 

Тағы да оқыңыз: