Kyzylorda-news.kz. Мектеп түлектері мамандық таңдап, жаңа өмірге аяқ басар сәт туды. Бірі ЖОО-ға барса, енді бірі кәсіптік білім беру ұйымдарына шәкірт болады. Әсіресе, аймақта дәрігер болуды армандаған талапкерлердің табан тірейтін нысаны – медициналық білім беру ұйымдарының саны артқаны саланың өркендеуінің жемісі іспетті. Осы орайда Сыр жастарын сапалы біліммен қамту бағытында Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медицина колледжінің маңызы зор.
«Өркениет» медицина колледжінің негізі 2000 жылы қаланған. Мекеме аймақтағы алғашқы жеке медициналық колледждің қатарында болғанымен құнды. Бүгінге дейін 3000-ға жуық түлек оқу бітіріп, денсаулық сақтау ұйымдарында жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы, колледж екі мамандық бойынша орта буын медицина қызметкерлерін дайындайды. Олар: «Фельдшер» және «Жалпы практикадағы мейіргер» мамандығы.
– Бүгінде шәкірттер мен ұстаздар құрамы республикалық, халықаралық конференция, олимпиадаларға қатысып, абырой биігінен көрінуде. Мысалы, «Медициналық оңалту: диагностикадағы, терапиядағы және превенциядағы басым бағыттар» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда студентіміз Б.Байырқасым (оқытушысы У.С.Жабасахованың жетекшілігімен) жүлделі 3 орын иеленді. Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы – «Инкурабельді пациенттерге паллиативтік және хоспистік көмекті ұйымдастыру». Ал, «Гепатиттен циррозға дейін» тақырыбында өткен халықаралық байқауда студентіміз Э. Шамшатова (пән оқытушысы Ұ.Абиеваның жетекшілігімен) 3 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай ақ, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша өткен «Жас Анатом» республикалық олимпиадасында А.Сардар (пән оқытушылары А.Ж.Жайпанова, Ә.С Сүлейменова жетекшілігімен) 1-дәрежелі, Т.Есенбекова 2-дәрежелі дипломмен марапатталды, – дейді колледж директоры Анар Жайпанова.
Бұл үлгілі оқу орнының жалғыз жетістігі емес. Бұған дейін республикамыздың медициналық колледждердің арнайы пән оқытушыларының арасында өткен «Үздік оқу әдістемелік кешен» байқауында хирургия пәні оқытушысы Р.Есболғанова 2-орын иеленсе, «Үздік оқулық» республикалық сайысында колледждің авторлық ұжымы(А.Жайпанова, Г.Абдреймова, Р.Есболғанова, Ү.Жабасахова, Н.Қайназаров) дайындаған «Паллиативтік көмек және онкология» пәнінен оқу құралы жүлделі 2-ші орын иеленді.
Негізі әрбір оқу орны өзіндік әдістеме, ұстаздар құрамымен ерекше екені сөзсіз. «Өркениет» колледжі де дамуыдың сара жолын қалыптастырып үлгерген. Колледж ұжымы мемлекеттік тілде білім беруге басымдық беру, теориялық оқу-құрал дайындауға қосумен дараланары анық. Олай дейтініміз, мұнда оқу процесі тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Студенттерге барынша түсінікті, ұғынықты тілде білім беруге жағдай жасалған. Ол үшін ұстаздар құрамы жүйелі жұмыс істеуде. Мысалы, бүгінге дейін колледж ұстаздары 15 оқу құралын шығарды. Биылғы оқужылында колледж оқытушылары А. Жайпанова, А.Сүлейменова дайындаған «Жалпы патология» оқу құралы, Альбина Жұмабайқызының «Терапия мен неврологиядағы мейіргер ісі» оқулығы жарыққа шықты.
– Сала салғырттықты көтермейді. Саналы тәрбие, сапалы білім беру басты мақсатымыз дегенмен, негізгі басымдық практикаға шоғырланған. Бүгінде оқу процесінің 65 пайызы практика жүзінде өтеді. Яғни, білім берудің басым дені емдеу мекемелерінде жүреді. Ол үшін 19 денсаулық сақтау мекемесімен келісімшарт жасалған. Себебі, болашақ сала маманы теориялық ғана емес, шынайы жағдайда кәдеге асатын практикалық дағдыларға да қол жеткізуі шарт. Сондықтан, өндірістік, клиникалық іс-тәжірибелер қатаң бақылауда. Негізі, жеке оқу орнын тек табыс көзі деп қарастыруға болмайды. Мұндағы жүйе, жұмыс райы күрделі. Мемлекеттен көмек алмай-ақ 83 адамды жұмыспен қамту, 678 балаға білім беру оңай емес, – дейді мекеме басшысы АнарЖүндібайқызы.
Расында, Әрбір шәкірттің алаңсыз білім алуы маңызды. Соның ішінде баспана ахуалы ең өзекті екені түсінікті. Бұл мәселені колледж оңтайлы шешкен. Оқу орны қаладағы «Өркениет» жатақханасымен келісімшарт жасап, ынталы студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз етті. Айта кетерлігі, студенттердің басым бөлігі туыстарының үйінде қоныстанған. Сондықтан пайыздық үлеске шаққанда жатақханаға жататын студенттің қатары аз.
Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгей де тұрақты саралануда. Мониторинг көрсеткіші жаман емес. Бүгінде бітірген түлектердің 70-80 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалғаны оқуын жалғастырудык өздейді. Сондықтан, «Өркениет» медицина колледжі Сыр жастарын сапалы біліммен қамтуда жүйелі жұмыс істеуде деп айтуға толық негіз бар.