Kyzylorda-news.kz. Жас түлектер болашағын жоспарлап, бағытын айқындап қояды. Асқақ арманының алғашқы сатысы ҰБТ-дан сүрінгісі келмейтіні содан. Білімі сарапқа салынатын сында сан соғып қалғысы жоқ. Дегенмен «мезетінде мүдіріп қаламын ба?» деген күдік те көңілді күпті етіп қояды-ау. Қобалжу мен күйзеліс, сенім мен үміттің сарсаңға салған шағында ата-ана да баласы үшін алаңдайды. Тағатсыздана күткен жауап сүйінші сұрарлық болса жақсы. Әйтпесе жаны қамыққанның жайы жүректі ауыртып жібереді.

Иә білім бәйгесінде бірінің бағы жанады немесе бабы шабады. Тек бақытты ҰБТ-ның ұпайымен өлшемеу керек. Сәтсіздікке сынып қалмай, алға қадам басу жеңісті күндерді жақындатады.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында 8 мыңға жуық білім алушы мектепті бітірсе, оның 7 421-і Ұлттық бірыңғай тестілеуіне қатысады деп жоспарлануда.

– Өткен жылдан бастап ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Мұның ең басты артықшылығы – барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуында. Жалпы ҰБТ өткізудің форматы өзгеріссіз. Тек «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар саны – 20. Ол өткен жылы 15 сұрақ болған. Ал оқу сауаттылығы бойынша сұрақтар саны былтырғы жылы 20 болса, биыл 15 сұрақ. Сонымен қатар, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айта кетейік, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тестілеу 22 мамырда Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы ҰБТ өткізу пункттерінде өткізілген болатын. Осы кезге дейін тестілеуге жалпы облыс бойынша 1 903 бітіруші түлек қатысқан.

Жыл сайын ҰБТ өткізу форматы және сұрақтар саны, тест тапсыру мүмкіндігіне байланысты өзгерістер енгізілетіні бәріне мәлім. Бірі орынсыз талап екенін айтса, бірі бітіруші түлектерге зор мүмкіндік бергеніне риза. Байыптасақ, бұл пікірлердің де өз шындығы бар. Өйткені тесттен төмен ұпай алса түңіліп, түнеріп кететін түлек кездеседі. Оқушының бәрі ҰБТ-ға аса жауапкершілікпен қарағандықтан, тірек еткен тілегі орындалып, қалауы қабыл болса екен дейді. Сондықтан сынаққа дейін абыржып жүргендердің аптығы тест жауабынан кейін басылып, көңілі жайланады. Дамылсыз дайындықты үзбейтіні соған дәлел.

— ҰБТ-ға дайындығымды осы күнге дейін тоқтатқан емеспін. Дайындығым қарқынды түрде жалғасуда. Күнде оқыған материалды қайталап жүрмін. Онлайн түрде қосымша курстарға да қатыстым. Соның ішінде JUZ40 курсын ең сапалы әрі мықты курс. Себебі, әр оқушыны жеке куратор қадағалап, дайындығын бақылап отырады.

ҰБТ-ға өзгерістер енгізілді, бірақ аса көп емес. Тек «Қазақстан тарихы» бойынша сұрақтар саны 5-ке көбейді және жауаптар саны өткен жылға қарағанда 2-ге азайды. Бұл маған аса қиындық тудырмады. Себебі, жауаптар саны қысқартылған соң, оқушы өз ойын тұжырымдап, жинақтай алады. Қазіргі таңда ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі бар. Бұл – оқушылар үшін үлкен көмек және жеңілдік. Егер оқушы бірінші мүмкіндіктен ойындағыдай баллды жинай алмаса, екінші мүмкіндікке бар күшін салып, зор үмітпен қарап, дайындала алады. Сонымен бірге, мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқушы ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап енгізілген «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты өте тиімді деп ойлаймын. Әр оқушы өз білімін тексеру мақсатында кіріп, еш көмексіз өзі лайық түрде баллын алып шығады, – деді Ақерке Ерланқызы.

Асылында келешектің кірпішін сеніммен қалаған ләзім. Берік етіп бекіту үшін үдеген қорқынышты кемітіп, күмәнді сейілту керек. Асқан ақыл, толассыз білім болса да қапияда қателесіп кету әбден мүмкін. Сондықтан ұнжырғаны түсірмей, жарқын болашақтан күдер үзбеген ләзім. Шын дарынды түптің түбінде сыбағасы мен өмірден несібесін алады. Ендеше, түлектерге сәттілік серік болсын дейміз!

Тағы да оқыңыз: