Kyzylorda-news.kz А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде республикалық жас өнерпаздар арасында «NEW ART STARS» өнер байқауы өтті.
Байқауға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дизайн және технологиялар» кафедрасының «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» мамандығының студенттері қатысып, жеңімпаз атанды. Білім алушылар байқауға өздері дайындаған қолөнер туындылары мен көркем шығармаларын ұсынды.
«Этностильдегі ұлттық киімдер» жиынтығын әзірлеген Айгерім Жайылханова «Қолөнер» номинациясы бойынша бас жүлде иеленді. Жетекшісі – педагогика ғылымдарының магистры Асия Жүнісова. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Шолпан Кошқарованың жетекшілігімен «Тарихтан естеліктер» панноларын дайындаған Мәншүк Жұбатқан мен «Желсіз түнде жарық ай» атты картинасымен қатысқан Шынарай Көбеген І орынмен марапатталды. Сонымен қатар «Бейнелеу» номинациясы бойынша педагогика ғылымдарының магистры Еркін Макашев жетекшілік еткен Еркежан Бақытбекқызының «Туған ел» көркем шығармасы І орыннан көрінді.
Әдемілік пен шеберлікті ұштастырып, үздік атанған студенттер Дубай еліне жолдама иеленді.
Айта кетейік, іс-шараны «DALA DARYN» шығармашылық орталығы ұйымдастырды.