Кітапхана − мәдениет орталығы. Білім мен ілім іздеген жастар үшін өңірде Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық  әмбебап ғылыми кітапхана жұмыс жасайды. Кітапсүйер қауымның білім көкжиегін кеңейтетін алаңның тарихы 157 жыл бұрын басталған.

Кітапхана алғаш рет 1867 жылы Перовск қаласында (қазіргі Қызылорда) Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін ашылды. Кітапхана Ресейдің қалаларынан революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін патша үкіметінен жер аударылған озық прогрессивті ойлы адамдармен ұйымдастырылды. Кітапхана алдыңғы қатарлы зиялылар мен ауқатты қазақтардың қаржыларынан ұйымдастырылған. 1917 жылға дейін қалалық көпшілік кітапхана қызметін атқарған. 1938 жылы Қызылорда өз алдына бөлініп, облыс орталығы болғаннан кейін, облыстық кітапхана қайта құрылды. Оның алғашқы директоры болып Л.И.Дмитриева тағайындалды. 1973 жылы кітапхана Ыбырай Жақаев көшесіндегі 930 шаршы метрлік мекен-жайға көшірілді. Оқырмандарға 70 орындық оқу залы ашылды. 1983 жылы облыстық кітапхана болып қайта құрылып, жазушы Максим Горький есімі берілді. Уақыт өте еліміз егемендік алғаннан кейін 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» қаулысына байланысты облыстық әмбебап кітапханасына халық жазушысы, ақын Ә.Тәжібаевтың есімі берілді. 2000 жылы Ә.Тәжібаев атындағы ОӘҒК электронды басылымдар қоры қалыптаса бастады. Электронды оқу залы ашылды. Желтоқсан айынан бастап электронды оқу залы Интернет жүйесіне қосылды. 2003 жылы Республикалық автоматтандырылған кітапхана жүйесі (РАБИС) бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіле бастады. 2009 жылы қараша айында кітапхана типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. азіргі таңда кітапхана заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жасақталған, тұтынушылардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санаттарына қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына 1999 жылы Ә.Тәжібаев есімі берілді.

Әбділда Тәжібаев −  ақын және драматург, филология  ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық  жазушысы.   Ол 1909 жылы Қызылорда (Ақмешіт) қаласында дүниеге келді.  Қызылордадағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепті оқып бітірген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетті (қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет), Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген.  Еңбек жолын 1926-1928 жж. «Еңбекші қазақ» газетінде пошта-газет тасушысы болып бастаған, кейін корректор болып жұмыс атқарды.

1932-1934жж. Қарсақбайдағы «Қызыл кеші », «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде редактордың орынбасары, 1934-39жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1939-1943жж. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1945-1948жж Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиет институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1958-1960жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, 1960-1984жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақ ССР ҒА әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Әбділда Тәжібаев 1927 жылдан бастап жаза бастады. Ең алғаш өлеңдері 1927 жылы «Жұмысшы» газетінде, кейін 1933ж. «Жаңа ырғақ» атты жинақ болып шықты. «Оркестр», «Құтқару», «Екі жиған», «Абыл», «Шын жүректен», «Сүйген жүрек», «Таныс дауыстар» атты поэмалары мен өлеңдері жарық көрді.

«Аралдар», «Жаңа өрімдер», «Кешеден бүгінге», «Кәне қоңырау», «Жастық жылдар», «Құрдастар», «Толағай» және т.б. жыр жинақтары философиялық бағытта белгіленген.

Ә.Тәжібаев «Жүректілер» пьесалар жинағының, «Халқым туралы аңыз», «Жомарттық кілемі», «Жыр күмбез» атты драмалық дастандарының, «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш – орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар» пьесаларының, «Дубай Шубаевич», «Той боларда» және т.б.комедияларының авторы. Қоғам мен адамның ара-қатынасын, адамның қоғамдағы орны мен еңбегі жайындағы тебіреністерін философиялық сырға толы туындылары жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Ә.Тәжібаев «Өмір және поэзия» монографиясында, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты зерттеуінде қазақ драматургиясының күрделі мәселелерін жан-жақты қарастырды. «Жылдар, ойлар» атты еңбегінде Жамбыл, Нүрпейіс, Нартай, Иса ақындар мен М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов т.б. Әдебиет пен өнер қайраткерлері жайлы естеліктерін жариялады. «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» деген сын, эссе, прозалық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтған.

Көптеген жылдар бойы Әбділда Тәжібаев поэзия, драматургия, әдебиеттану саласында жемісті еңбек етті. Қазақ әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосты. Ол Жұмағали Саин, Қажым Жұмалиев,Таир Жароков секілді әдебиет қайраткерлерімен құрдас еді.

Ә.Тәжібаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетін биікке көтерді. Жас ақынның алғашқы өлеңдерін оқыған М. Әуезов көркемдік ерекшеліктерін байқаған. Расында да, сол кездердің өзінде ақын шын көңілден өлең жырларын жаза отырып, қазақтың қалыптасқан дәстүрлі лирикалық өлең жолдарын қолдана білді.

Ә. Тәжібаевтің шығармашылығында Сырдария өзенінің бейнесі үлкен орын алады, кейіннен ол Рейн өзенін жырлаған Гейне, Днепрді жырлаған Шевченко сияқты ол өзенді символға айналдырады. қаһарлы соғыс жылдарында ақынның лирикасы жанрлық ерекшеліктерін тереңдете, молыға түседі. Соның бірі «Аралдар» атты жыр жинағы.

Ә.Тажібаев дастандарының тақырыптары сан алуан – революция, жаңа өмір құрылысы, халықтың өткен өмірі, көптеген адамдардың тағдыры , жаңа дәуір желісі. Заман талабына сай ағын бүгінгі таңдағы басты мәселелерден де алшақтақан жоқ.

Қай елді, қай жерді жырласа да, оның өткені мен бүгінгісі жайында, ақын реалистік қалыптан танбауымен бірге, нағыз қазақ ақынның қалпынан айнымай отырады.

Әбділда дәуірдің әрбір кезеңінен кесек-кесек көріністерін елестетіп, ірі ойлы топшылауларға құрылған философиялық сипаты бар поэма жасауға ұмтылуды. Оның «Портреттері» соның айғағы. Бұл шығармада ағын заман талабына сай адамдардың қиын тағдырлары, уақыт алдындағы жауапкершіліктері туралы мәлімдеген. Ә.Тәжібаевтің өлең-жырларының қайнар көзі – туған жер.

Драматургия Ә.Тәжібаев творчествосының екінші бір кең арналы, биік өрелі саласы болып отыр. Ә. Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н:Ф.Погодинмен бірге) «Жамбыл» атты көркем фильм түсірілген. Ақынның көптеген шығармалары шет мемлекеттер және де басқа халықтар тіліне аударылған. Орыс жазушылары А.С.Пушкиннің, Т.Г.Шевченконың, А.Н.Островскийдің, Г.Гейненің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Ленин» орденімен, Октябрь революциясы орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісімен» және медальдармен наградталған. 1985 жылы Ә.Тәжібаевқа «Қазақ ССР-нің халық  жазушысы » атағы берілген. Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, К.Мұхамеджановтарға ескерткіш қойылған.

Кітап оқу — адамның жан дүниесін байытып, білім көкжиегін кеңейтетін іс.  Оқу адамның логикалық және аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, күрделі сюжеттік желілерді түсіну және талдау арқылы ми қызметі жақсарады. Кітап оқу тіл байлығын арттырады. Жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйрену арқылы сөйлеу және жазу қабілеттері жетіледі. Сондай-ақ, адамға тыныштық пен жайлылық береді. Көркем әдебиет оқып, кейіпкерлермен бірге сезіну арқылы адам күйзелістен арылып, жақсы көңіл-күйде болады. Кітапханада түрлі тақырыптағы кітаптар мен басылымдар жинақталған. Оқырмандарға қажетті ақпаратты іздеу және оқу мүмкіндігін береді. Мұнда түрлі шаралар, көрмелер, дәрістер өткізіледі, бұл арқылы қоғамның мәдени деңгейі көтеріледі. Кітапханалар мәдени мұраны сақтайтын орын. Көне кітаптар мен қолжазбалар осы жерлерде сақталып, болашақ ұрпаққа жеткізіледі. 

Кітапхана − білімнің сарқылмас көзі, ал кітап −  сол білімнің кілті. Әрбір адам кітап оқуды әдетке айналдырса, білімді әрі мәдениетті қоғам құрылатыны сөзсіз. Осылайша, кітап оқу мен кітапханаға бару адам өмірін байытып, оның рухани дамуына ықпал етеді. Кітаптар бізге тек ақпарат беріп қана қоймай, ойлау қабілетімізді дамытып, жан дүниемізді байытады. Кітапхана − осы білім мен мәдениеттің қасиетті ордасы.

Қызықты дерек

Қазақтың біртуар ақыны, халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі «Ұрлықтың бір ғана түрін кешуге болады, ол – кітап ұрлау» деген болатын. Дегенмен бұл жайды қалай қабылдау әркімнің көзқарасы мен ішкі мәдениетіне байланысты.  

Клептомания – психология саласындағы қызықты құбылыс. Бұл аурудың түріне шалдыққан адамдарда ұсақ ұрлыққа деген құштарлық пайда болады. Аталған жағдай психологиялық ауытқудың бір түрі.

Ал библиоклептомандар – кітап ұрлаудан ләззат алатын адамдар. Дүние жүзіндегі кітапқа құштар оқырмандардың көп бөлігі дәл осы психикалық бұзылыстан зардап шегеді екен.

Кітап ұрлау қылмысы қай дәуірде де орын алғаны ақиқат. Бір қызығы орта ғасырларда Еуропадағы қоғамдық кітапхана сөресіндегі кітаптар шынжырмен бекітілген деседі. Ұзындығы кітапты сөреден алып оқуға жеткілікті болғанымен кітапханадан шығуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен бұл ереже XVIII ғасырға дейін ғана салтанат құрды. Себебі ол кезеңде кітап басылымы өте аз және кітаптың әрбір данасы алтынмен пара-пар еді.

Ал ұрлыққа қатысты жазасы ең қатаң болып саналатын Қытай халқы ежелден кітап ұрлаған адамды соттамайды, жазаға тартпайды. Ұры атаулының бармағын не қолын шабуға үкім шығаратын бұл ел «кітап ұрлығын білімге құштарлық» деп санаса керек.

Стивен Блумберг – әлемдегі нөмірі бірінші библиоклептоман. Ол 1948 жылы Сент-Пол қаласында дүниеге келген. Блумберг 45 штатта, Канаданың екі провинциясында және Вашингтонда орналасқан университеттер мен мұражайларда өз жоспарын үздіксіз орындап отырған. Нәтижесінде 20 жыл бойы 268 кітапханадан кітап тонаған ол 1990 жылдың 20 наурызында қамауға алынады.

Олжасын үйінде мұқият жинаған Блумберг 23 600-ден астам сирек кітап пен 11 000-ға жуық көне қолжазбадан тұратын өз коллекциясын жасап шығарды. Ұрланған басылымдардың жалпы құны 20 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл – тарихтағы ең ірі кітап ұрлығы.

Қызығы, Блумберг ойлаған жоспарын орындау үшін әртүрлі әдісті қолданған. Ол мекемеге кейде желдету жүйесі арқылы кірсе, кейде лифт шахтасы арқылы жоспарын іске асырған.

Аталған жағдайдың барлығы да Блумбергтің кітапқа деген шектен тыс құмарлығы мен шизофренияның нақты дәлелі еді. Десе де кейіпкеріміз «Кітап қарақшысы» ретінде атағы әлемге жайылып, ең табысты кітап ұрысы ретінде танылды.

Блумбергтің қолға түсуіне оның досы Кеннет Дж.Родс себепкер. Заң өкілдерімен келіссөз жасасқан ол 56 000 доллар сыйақы алу мақсатында досын құрықтап берді. Родс пен Блумберг 1970 жылдың ортасынан бері жақын дос еді. Атышулы қылмыскерлер бірнеше қаражат тонау операциясын бірге орындаған.

Сонымен, 1991 жылы Блумберг кінәлі деп танылып, 200 000 доллар айыппұл арқалап, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 1995 жылы 29 желтоқсанда түрмеден босатылды. Дегенмен ауру қалса да әдет қалмайды. 1997 жылы ол антиквариат ұрлығы үшін қайтадан қамауға алынды.

Блумбергтің мұндай сирек кітаптар мен қолжазбаларға қалай қол жеткізгенін мамандар әлі түсінбей дал. Қызығы, оның коллекциясында Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың кабинасы» туындысының алғашқы басылым көшірмесі, киелі кітаптың 16 ғасырдағы басылымы, сондай- ақ бұзау терісінен тігілген «Нюрнберг хроникасының» 1493 жылғы түпнұсқасы сақталған.

Сотта қорғаушылары оның кітапқа деген сүйіспеншіліктен зардап шеккенін дәлелдеп шықты. Бұл психикалық ауытқу Стивенді сирек басылымдар мен кітаптарды іздеу үшін жыл сайын Америка мен Канаданы аралауға мәжбүр еткен. Детективтер оның бірде-бір кітапты сатпай, жеке кітапханасында мұқият сақтағанына таң қалды. Неліктен кітап тонады деген сұраққа Стивен еш ойланбастан «мұны өз пайдам үшін емес, тек сирек кездесетін кітаптарды сақтау, олар- ды мемлекет меншігіне өтуіне жол бермеу және қарапайым американдықтардың құнды жазбаларға қол тигізу бақытынан айыру үшін жасадым» деп жауап берген.

«Кітапты өртегеннен де асқан қылмыс бар. Ол – кітап оқымау» дейді америкалық жазушы Рэй Брэдбери. Ал кітапқа деген асқан құштарлықпен оны ұрлау қылмысқа жата ма? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

«Артық ғылым – кітапта, ерінбе оқып көруге»

Заман озса да, ескірмейтін, тозбайтын асыл қазына кітап дер едім. Кітап – ақылшымыз, тегін көмекші, сырлас дос, адам ойының азығы, білімнің темірқазығы деп айтуға болады. Дегенмен қазіргі ғылым мен техника жасампаздық танытқан ғасырда кітапқа деген сұраныс қаншалықты деңгейде? 

Абай айтқандай, «...Артық ғылым – кітапта, ерінбе оқып көруге» деген даналық ойдың қазіргі кездегі өзектілігі қандай? Артық ғылым, расымен – кітапта. Оны ерінбей оқыған өзіне көмек етіп, өмірден орнын табу жолында рухани азық етеді. Себебі, кітапта барлығы жазылып қойған деп білемін. Жетістікке жеткен адамдардың барлығы дерлік кітаптың көмегімен жеңіске жетіп, өз жолдарын да кітап етіп жазып қалдырған. Кітапта өмірлік тәжірибе, құндылықтар, тағылым мен тәрбие, тарих пен шежіре бар. Кітап – адам тәрбиелейтін құрал. Кітаптағы артық ғылымды меңгерсек, әлемнің ең мықты адамы боламыз.

Ел ішінде: «Кітап оқыған адам теледидар көрген адамды басқарады» деген сөз жиі айтылады. Мағынасына терең үңілсек, кітап бізді мақсат-мұратымызға жеткізеді. Озық ойлы адамдар болашаққа аманатын тасқа да, ағаш пен тері кітапқа да жазып қалдырған. Осыдан кітаптың адамзатпен қатар дамығанын байқауға болады. Қазіргі кезде кітап оқу қоғамдағы негізгі сұранысқа айналып отыр. Себебі, адамдардың қажеттілігін қанағаттандыратын кітаптар әлемі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Тақырып пен мазмұн жағынан байып, адамдардың керегіне жарайтын құнды кітаптар жарық көруде. Әсіресе, кітап сүйер қ ауымның арасында жастар да көріне бастады. Бұған басты себеп, елімізде кітапқа қатысты түрлі жобалар мен шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, «Бір кітап – бір әлем», «Бірге оқиық», «Оқуға құштар мектеп», «Әр қазақ оқуы тиіс 100 кітап» сияқты шаралардың оң әсері байқалады. Абай айтқан кітаптағы артық ғылымды меңгерушілердің қатары артты. Соның салдарынан елімізде ғылым мен білімде, басқа салаларда жетістіктер де көбейді. Жас ақын-жазушылар қатары өсіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміз жаңа туындылармен толығып жатыр. 

Қарап отырсақ, кітап тек қана рухани азық емес, адамдардың қаламын шыңдауға, ой-өрісін кеңейтуге, ой бөлісуіне негіз болып отыр. Кітап дүкендерінің көбеюі, ондағы қазақша кітаптардың артуы көңіл куантарлық жағдай деп білемін. Ақын Абайдың даналық ойында айтылғандай, кітапты ерінбей оқығандар ғана ондағы ғылымды меңгермек. Абайдың өзі батыс пен шығыс елдерінің озық ойлы кітаптарын оқып, соның негізінде өзінің мол мұрасын қалдырды емес пе?! Біздер кітап оқу арқылы жол тауып қана қоймаймыз, өзіміздің жетістікке жету жолымызбен де бөлісеміз. Осылайша, адамзаттық тәжірибе, мол білім бірбірімен ұштасады. Дүниеде өлмейтін «ғалымның хаты» екенін даналар айтып кеткен. Бұл жердегі «ғалымның хаты» дегеніміз кітап деп ойлаймын. Ақпарат көздеріне үңілер болсақ, табысты адамдардың барлығы үздіксіз кітап оқығандар екеніне көзіміз жетеді. Бұдан «кітап – табысқа жетудің кілті» деп қорытынды шығаруға болады.

Қорыта келе, ойымды хакім Абайдың «Танымның бар тамашасы кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», – деген сөзімен түйіндейміз.

 

Фото:kitapkhana.kz

Тағы да оқыңыз: