Kyzylorda-news.kz   Қызылорда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебеап кітапхананың өнер бөлімі қорына жаңадан көптеген әдебиеттер келіп түсуде.  Оның ішінде киім дизайны, психология мамандығының білім алушыларына, музыкалық өнер факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне арналған әдебиеттер оқырман назарына ұсынылады. 

Сонымен қатар кітапхана қоры Қызылорда қалалық өнер мектебінің ұстазы Дархан Жаңабаевтың «Күй ордасы» атты кітабымен толықты. Жаңа кітапта домбырашы-композиторлардың күйлері мен әндерін, ансамбль мен оркестрге арналған шығармаларын біріктіріп, нотаға түсіріп, бейне жазбасын QR код арқылы беріп отыр. Сонымен қатар Басықара Ерсайын мен Көбенғалиев Бауыржанның «Мереке» атты кітабы примамен халық аспаптар оркестріне лайықталған шығармалар. Осы репертуарлық жинақтың ішіндегі Қазақстан мен шетел композиторларының шығармаларын оркестрлер әртүрлі сахналарда орындап жүр. Сонымен қатар Сарттарова Лаззаттың «Тігін бұйымдарын конструктивті үлгілеу», У.Демеуованың «Дизайн негіздері» атты оқулықтарда ерлерге және әйелдерге арналған киімдерді құрастыру теориясы мен практикасын зерттеуге арналған матералдар ұсынылған. Мұндай әдебиеттер болашақ дизайнерлерге таптырмас көмекші құрал болып табылады.

Әнші, композитор «Созақтың Шәмшісіне» айналған Әділбек Нысанбаевтың «Бабаларға тағзым» ән жинағы музыка мектебі оқушылары, жоғары оқу орындары студенттері мен әнсүйер қауымға арналған. Халқымыздың сан ғасырлық ауыз әдебиетінің жинақталған үлгілері «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен мектеп жасындағы балаларға лайықтап «Лиро-эпостық жырлар» атты кітабы өз оқырманын күтуде.

Тағы да оқыңыз: