Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны болған ұлағатты мамандық иелері - ұстаздар қауымының кәсіби мересіне орай салтанатты шара өтті.
Шарада аудан әкімі Нұржан Ахатов құттықтау сөз сөйлеп, барша білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.
«Білім атты теңдессіз күшті ұрпақ бойына сіңіретін, қоғамның алғы шебінде жүретін ұстаздар қауымы - қазіргі күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде жас ұрпақтың санасы мен дүниетанымының қалыптасуына ықпал ете алатын мәртебелі тұлға. Сондықтан, ұстаздық қай кезде де сый-құрметке лайық әрі сұранысқа ие қадірлі де қастерлі мамандық болып қала бермек. Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Оған халықаралық, республикалық,облыстық олимпиадалар мен конкурстарда оза шауып, байрақты бәсекелерден жеңіспен оралып жүрген шәкірттеріңіз дәлел. Сонымен бірге білім беру ісіне инновациялық технологияларды ендіріп, кәсіби шеберлік деңгейін үздіксіз көтеріп, ізденіс жолында жүрген ұстаздар қатары да жыл санап көбейіп келеді. Жаһандану заманында жалт еткен жаңалықты жатсынбай, жас ұрпақтың адами тұлғасын қалыптастыруда болашағына бағдаршам болған өздеріңіздей ұстаздарға алғысым шексіз» - деп атап өтті аудан басшысы.
Мәртебелі мамандық иелеріне арналған шара одан әрі марапаттау рәсіміне жалғасып, сый-сыяпаттар табысталды. Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараның көркін ұстаз тағылымына бас иіп, ән арнаған жас бүлдіршіндердің өнері аша түсті.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концертімен аяқталды.