Фото: Наурызбай Байқадамовтың желідегі парақшасынан
Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзінің жинақтаған жеке қолданысындағы кітаптарының ішінен 170-ке жуық кітапты кітапханаға өткізіпті. Бұл туралы облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасында болдық. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өзінің жинақтаған жеке қолданысындағы кітаптарының ішінен 170-ке жуық кітапты кітапханаға өткізіпті. Тағылымды іс.
Кітап сарқылмас қазына. Одан асқан қазына, байлық жоқ шығар деп ойлаймын. Осы орайда, жас жазушы Мәлік Отарбаевтың «Мәдениеттің мәйегі» атты мақаласынан үзіндіні оқырмандарға ұсынып отырмын.
«Адамзаттың ең ұлы тұлғалары – пайғамбарларға кітаптан басқа киелі дүние түскен емес. Жәбірәйіл періштенің Мұхаммед пайғамбарға жеткізген ең алғашқы сөзі де: «Оқы!»Кейде кітап мәңгілік өмірдің символындай болып көрінеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қолдан-қолға ауысып, мәңгі-бақи елдің есі, жұрттың жадысы болып қала береді. Түрік жазушысы Орхан Памук: «Кітаптың мәңгі қалатындығына және кітапханада мәңгі сақталатындығына сенгенім үшін ғана жазамын» депті. Мән бергенге ойлы сөз. Келешекке деген үміт.
Ұлтымыздың аты аңызға айналған алыбы Шерхан Мұртаза: «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген. Иә, кітап оқымайтын адамнан бәрін күтуге болады. Қатыгездікті де, мәдениетсіздікті де. Шынында, кітап оқымайтын адамнан қорқу керек. Бүгінде біреуден залал көрсек, сондайлардан көріп жүрміз.Ал кітап қорын сақтайтын кітапхана – ардақты жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда, «Адамды адамзат екен» киелі қарашаңырақ. Оны бұрынғы оқымыстылар храмға, мешітке балаған. Өйткені кітап оқудың өзі құлшылық жасағанмен бірдей үлкен сауап.
Ендеше, «Театр киім ілгіштен басталады» емес пе. Қазіргі «ғибадатханаларға» кіре қалсаңыз, кіреберісінде түрлі тексерістен өтіп, қару асынған күзетке тап боласыз. Кітап әлеміне біртүрлі сеніміңізден айырылып, көңіліңізге күдік ұялатып кіресіз. Неткен ерсі көрініс десеңізші. Кім біледі, бұл да бүгінгі күннің «цензурасы» шығар...», делінген Наурызбай Байқадамовтың жазбасында.