Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиада мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрбақыт Сағилатова алтын медаль иеленді.
Білім додасына еліміздің барлық өңірінен 188 үздік оқушы қатысты. Олар математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сарапқа салды.

Нұрбақытты олимпиадаға дайындауға пән мұғалімдері Сандуғаш Төлешбай, Гүлнара Сапарова, Гүлназ Абдукамалова және Абзал Іскендір жетекшілік етті.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру.
Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Қазақстанның және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен PhD дәрежесіне ие мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады.

