Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қласындағы NIS-тің педагогтері аймақтағы жалпы білім беретін мектеп ұстаздарына «Сандық технологияларды оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолдану» тақырыбында семинар өткізіп, кәсіби шеберліктерін дамытуда қолдау көрсетті.
Шараға информатика пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері қатысты. Алғашқы топ Lego Ev3-де массив берілгендерін өңдеу бағдарламасын меңгеріп, мәндерді өндей алатын роботтарды бағдарламалауды үйренді.
«Шаңырақ оқушылар қауымдастығын құру, мақсаты мен негізгі идеясы жөнінде ақпарат беріліп, практикалық бөлімде Шаңырақ қауымдастығының жоспарын құрды, міндеттерін қарастырды. Бұл семинар әріптестерімізге тиімді тәжірибе алмасу алаңы болды деп ойлаймын», - деді педагог-ұйымдастырушы-куратор Малика Маратқызы
Тәжірибе алмасудың екінші алаңында зияткерлік мектептің педагог-кураторлары қатысушыларға «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының жұмысын ұйымдастыру және тәрбие үдерісінде инновациялық әдістерді қолдану бойынша мағлұмат беріп, практикалық жұмыстарда біліктіліктерін арттырды.
Сондай-ақ, бұл күні серіктес мектептердің білім алушылары да NIS информатика сабағына қатысып, «Arduino» аппараттық платформасында базалық схемаларды жинақтау, әртүрлі дыбыс белгілері арқылы жарық беру секілді жобаларды орындап көрді.