Kyzylorda-news.kz    Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Алуа Абдраим Назарбаев Университетінен және Гонконгтағы алты ЖОО-нан шақырту алды. 

Жас зияткер таңдауы Hong Kong Baptist University-не түсті. Бұл білім ордасы халықаралық аккредиттеуінен өткен әлемдегі үздік бизнес мектептерінің бірі болып табылады. 

– HKBU жастарды 21-ғасыр талап ететін инновациялық серпін мен креативті ойлауға дайындайды. Бірінші жыл міндетті бизнес курстарын оқысақ содан кейін ұсынылатын 8 бағыттардың бірін таңдауға мүмкіндік бар. Мен Imformation Systems-ке баруды жоспарлаймын, себебі болашақ – компьютерлік ғылымның қолында, – дейді Алуа. 

Сонымен қатар Алуа Гонконгтағы әлімдік бірегей компанияларда тәжірибе алмасып, Қазақстандағы кәсіпкерлікті цифрландыру саласына айтарлықтай үлес қосуды мақсат етіп отыр. 

– NIS-тегі сапалы білім, мықты тәрбие, түрлі үйірмелер, бай кітапхана, қызықты байқаулар мен ерекше жобалар – менің ой-өрісімді дамытып, дүниетанымымды кеңейте түсті. Академиялық мықты бағдарламаның арқасында болашақта қажет болатын дағдыларды бойыма жинап, зерттеушілік қабілеттерімді дамыттым. Осы жолда қолдау көрсеткен барлық ұстаздарыма және сыныптастарыма алғысымды білдіремін, – дейді жас талапкер. 

Сыр еліндегі оқу ордасының шәкірттері әрдайым ізденімпаздық танытып отырады. Тиянақты және жоғары сападағы берілген білімнің арқасында олар көп жетістікке қол жеткізуде. Мәселен, NIS қоржыны 3 пантентпен толықты 

Зияткерлік мектеп мұғалімдері мен оқушылары Қорқыт Ата атындағы университеті жанындағы Инженерлік бейіндегі зертхана ғалымдарымен бірлесіп дайындаған 3 зерттеу жұмысы енді заңмен қорғалады. 

Атап айтқанда химия пәні мұғалімдері Гүлсана Талқанбаева, Марат Сыздықбаев пен 11-сынып оқушысы Алдияр Аппаздың өнертабысы, химия мұғалімдері Марат Сыздықбаев, Жанабай Доскеев пен 10-сынып оқушылары Дайана Шахмарал, Кәусар Нұрмаш ойлап тапқан «Алюмосиликатты синтетикалық сорбенттер арқылы өндірістік ағын су құрамындағы ауыр металл иондарын тазалау әдісі» пайдалы модель ретінде патенттелді.

Сондай-ақ химия мұғалімі Гүлнұр Мақсұтқызы зерттеген «Бетонның беріктігін арттыру тәсілі» жұмысына пайдалы модель бойынша патент берілді.

Тағы айта кететін қуанышты жайт, Алматы қаласында өткен «Central Asia Biology Olympiad» олимпиадасының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айғаным Ернатқызы (жетекшісі Райхан Тәжі) І орын иеленді. 

Атылмыш білім додасына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мектептерінің 200-ден астам жас биологтары қатысты. Дарынды өрендер биология генетикадан биоинформатикаға дейінгі биологияның түрлі тақырыптары бойынша күрделі тапсырмалар орындады. Айғаным теориялық білім мен логикалық ойлау қабілетімен ерекшеленіп, ең жоғары ұпай санымен жеңіске жетті.

Сондай-ақ «Биолог анықтамалығы» республикалық ғылыми-танымдық педагогикалық журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Жас биолог-2023» байқауының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Ең үздік топ» номинациясын иеленді. Ал топ жетекшісі биология пәнінің мұғалімі Несібелі Башенова басылымның ақылдастар алқасының мүшесі атанды. 

Үздік топ құрамында Нұрмұхаммед Марат, Аянат Андас, Әлия Төлепберген, Асылжан Жомартқызы, Іңкәр Бақытбек бар. Бір жыл бойы дарынды өрендер «Биолог» анықтамалығының ұсынған тапсырмаларын белсенді орындап, жоғары академиялық білімдерімен және танымдық қабілеттерімен жеңіске жетті.

Қызылордалық оқушы Алдияр Аппаздың мақаласы халықаралық Scopus базасында жарық көрді.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Аппаздың «Изовалериан қышқылының моноглицеридтер синтезін микротолқынды белсендіру және оның микробқа қарсы белсенділігі» тақырыбында жүргізілген зерттеу нәтижелері әлемдегі ең ауқымды Scopus дерекқор жүйесіне енетін «Bulgarian Chemical Communications» болгариялық журналда жарияланды. 

Бұл жұмысты Алдияр әкесі – химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов, мектептегі ұстазы Марат Сыздықбаев және басқа да университет оқытушыларымен бірігіп дайындаған. Жұмысшы топ құрамында ол химиялық заттардың микротолқындық сәулелендіру арқылы синтездеу жолын қарастырып, алынған өнімді физика-химиялық талдау әдістері көмегімен зерттеді және оның ауру қоздырғыш бактериялар мен зең саңырауқұлақтарына қарсы белсенділігін анықтады. Алынған антибактериалды препараттың әлемдік медицинаға тигізер пайдасы туралы мақалада жан-жақты көрсетті.

Айта кетейік, Scopus – бұл жаратылыстану- ғылыми және медициналық бағыттағы ғылыми еңбектер жинағына бай мұрағат. Бүгінге оның құрамында әлемдік деңгейдегі 22 000 басылымдар бар және 2004 жылдан бері бұл жүйеде 40 миллоннан астам ғылыми мақалалар жарық көрді. 

– Қазіргі заман талабына сай ғылыми зерттеу нәтижелерін осындай басылымдарда жариялау сұралады, тек осындай мақаласы бар ғалымдар ғылыми дәреже алуға диссертациясын қорғай алады немесе ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор, профессор) ала алады. Бұл оқушы үшін үлкен жетістік, – дейді ғалым Нұрбол Аппазов. 

Алдиярдың ғылымға деген қызығушылығы әкесінен дарыған. Мектеп зерттеушілік дағдыларды одан әрі дамытуға септігін тигізді. Химия ғылымымен қатар Алдияр IT саласында да үздік өнертабыстарымен ерекшеленіп жүр. Жақында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Kyzylorda Idea Battle» стартап жобалар байқауында Алдияр Аппаз сыныптасы Дінмұхаммед Абдиев екеуі жүлдегерлер қатарынан көрініп, «Мүмкіндігі шектеулі жадарға арналған қолғап» жобасын дамыту үшін қаржылай сыйақыға ие болды.

Зияткерлік мектебі жас таланттарды да қанаттандырып, олардың қабілеттерін қарыштатуға үлес қосуда. Оқу жылының соңында WRO-2024: облыс құрамасы жасақталды. Дүниежүзілік WRO-2024 робототехникадан олимпиадасының аймақтық кезеңі аяқталған болатын.  

Сайыс «Жердегі одақтастар» тақырыбына арналды. Жас роботқұрастырушылар табиғатпен үйлесімді өмір суруге және экологияны жақсартуға көмектесетін өз өнертабыстарын таныстырды.

Ақай ауылының №99 орта мектебінен келген Ердәулет пен Нұрзерек - олимпиаданың ең кішкентай қатысушылары. Робототехникаға деген қызығушылықтары бір жыл бұрын басталды және мұндай сайыстарға алғаш рет қатысып отыр:

– Біз көлік құрастырып жатырмыз. Бұл көлік кедергілерден өту, заттарды бір нүктеден екінші нүктеге қозғалту секілді әрекеттерді орындауы тиіс. Автоматты құрылғыларды жасау өзіме қатты ұнайды. Робототехника біздің логикалық ойлау қабілетімізді арттырады, – дейді 2-сынып оқушысы Нұрзерек Нұрадинов. 

Ал Эльдар мен Мақсат құрастырған роботтары табиғи су ағындарын қоқыспен ластануы және халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектеседі.

– Біздің жобамыз «Second Life» деп аталады. Өзең-көлдер мен су қоймаларындағы қоқыстарды сұрыптап, оларды арнайы фабрикаларға жібереді. Cұрыпталған қоқыстардф қайта өндеп, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалынады, – дейді №277 мектеп-лицейінің оқушысы Мақсат Жетенов. 

Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептерден барлығы 50-ге жуық команда қатысты. 

– Бұл сайыстың негізгі үйлестірушісі – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді және оқушылардың жасаған роботтары ерекше. Бүгінгі аймақтық кезең жеңімпаздары тамыз айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады, – дейді ұйымдастырушы, NIS-тің информатика пәнінің мұғалімі Серік Ахметов. 

Сайыс қорытындысы бойынша «RoboMission» категориясында – Б.Шалғынбаев атындағы №217 ІТ-мектеп-лицейі мен Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Future Innovators» категориясында – Zyiatker инновациялық мектебі мен NIS, «RoboSports» категориясында – зияткерлік мектеп оқушылары І орынды жеңіп алды. 

Жеңімпаз командалар республикалық кезеңде облыс намысын қорғап, әлемдік додаға қатысатын Қазақстан құрамасы сапында жүлде үшін сайысқа түсетін болады.

Білгенге маржан демекші, ізденіс үстінде жүретін NIS оқушылары шыны зауытымен танысты. 

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары облыстағы шыны зауытында болып, жұмысымен танысты. 

«Бегім ана» шаңырағының білім алушыларына «ORDA GLASS LTD« компания өкілдері кәсіпорын құрылу тарихынан таныстырылым жасап, кварц құмы мен натрий карбонатынан әртүрлі салаларда кеңінен қолданылатын әйнек алу үдерісін көрсетті. Бүгінде зауыт соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған. Тәулігіне 600 тоннаға дейін қалқымалы шыны өндіріледі. Бұл өнім Ресей, Әзірбайжан және Орталық Азия елдеріне экспортатталады. 

Оқушылар шыны өндірісі туралы ақпарат біліп, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар алды.

Оқу орны шәкірттрдің озық білім алуына жақсы жағдай жасайды. Оған дәлел ретінде Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестігін растағанын айтуға болады. 

Осыдан бір ай бұрын Германия, Канада, Италия, Катар және еліміздің халықаралық сарапшылары мектепке келіп, білім беру бағдарламасынан бастап мектептегі қауіпсіздік ортасын қалыптастыруға дейін маңызды 9 бағыт бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Оқушы, ата-ана, ұстаздар мен қамқоршылық кеңес мүшелерімен тілдесіп, оқыту үдерісі мен тәрбие жұмысына бағалау жүргізді.

CIS командасы жіберген қорытынды нәтижелерінде мектептің бірнеше тиімді тұстарын атап өтті. Олар: оқушылар өздерін қауіпсіз әрі құнды екенін сезіну үшін қызметкерлер мектепте қолайлы ортаны құруда бірлесіп жұмыс жасайды, оқу мен сыныптан тыс шаралардың әралуандылығы шәкірттердің әл-ауқаты мен жаһандық азамат ретінде қалыптасуына оң септігін тигізеді, мектептегі жоғары сенім атмосферасы мен ерекше қамқорлық сезіледі. 

Айта кетейік, өңірдегі Зияткерлік мектеп халықаралық аккредиттеу сертификатын алғаш рет 2018 жылы алған болатын. 

CIS – білім беру саласындағы ең жоғары стандарттар мен соңғы жетістіктерді ілгерілету үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым. Бүгінде оның құрамына 100-ден астам елден 911 мектеп пен 622 университет енген.

Өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің жеткен жетістігі мұнымен шектеліп қалмайды. Оқу ордасының оқушылары бұл мектептің абыройын асқақтатып, жаңа серпін сыйлауда. 

 

Қорлан САРЫ

Фото:freepik.com

Тағы да оқыңыз: