Kyzylorda-news.kz. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жалпыұлттық жобасы аясында Қызылордадағы NIS мектебі кезекті  тағылымдамашыларды қабылдап,  біліктілігін арттыруға ықпал жасады.  

Бұл жолы  NIS-тің оқыту алаңына Қызылорда обылысының Арал ауданы Ж.Әбдірашов атындағы №62, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев атындағы №250,  Жаңақорған ауданы №286 мектептерінің педагог-психологтары, сынып жетекшілері мен кітапханашылары қатысты. Зияткерлік мектеп ұжымы әріптестеріне арнап әртүрлі бағыттағы семинар-тренингтер мен тәжірибе алмасу сабақтарын ұйымдастырды.

Психологиялық қызмет мамандары оқушылармен байланыс орнату, мәселе бойынша оңтайлы шешімдерді анықтау,  психологиялық кеңес беруде қолданылатын техникаларды үйретсе, кітапхана-педагогтерінің семинар-тренингінде ауыл ұстаздары кітап оқуға қызығушылықты арттыратын әдіс-тәсілдерді меңгерді.

Сынып жетекшілері үшін 8 тақырыптық алаң жұмыс жасады. Қатысушылар NIS желісінде жүргізілетін «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімдегі мақал-мәтелдер»,  «Ұрпақтар сабақтастығы»,  «Қазақ әндері», «100 күйдің тарихы» жобалары мен «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы бойынша біліктіліктерін арттырды. 

Сондай-ақ,  «Ата-аналар Университеті» бағдарламасы мен «Әкелер кеңесі» жобасы аясында мектептегі үштік одақ арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолдары талданып, сынып жетекшілері сандық технологияларды пайдаланудың әдістемесімен танысты.

Тағы да оқыңыз: