Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында қаладағы №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Қызылордадағы NIS-ке қонаққа келіп, өнер көрсетті.
Шығармашылықты жанына серік еткен ерекше жандар ым-ишара тілінде әндерін орындап, мың бұрала би биледі. Өрендердің өнерлеріне тәнті болған көрермендер достарына барынша қолдау білдіріп, қошемет көрсетті.
«Түзету интернатының оқушыларымен төрт жылдан бері әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Біздің мектеп оқушылары да мектеп-интернатта концерт беріп, оқушылармен танымдық ойындар ұйымдастырады. Сонымен қатар, ертегі қойып, футболдан достық кездесу өткізді. Бүгін достарымыздың концертінен рухани азық алды», – дейді жоба координаторы, педагог-куратор Әсел Закирова.
Шара барысында мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов шығармашылық ұжымға алғысын білдіріп, мектеп құндылықтарының бірі – құрмет көрсету, ынтымақтастықта жұмыс жасау екенін атап өтті:
«Бүгінгі шара оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі арттырып, байланысты нығайта түсетіні анық. Және де жаңа бірлескен жобалардың басталуына негіз болатынына сенімдімін», - дейді Жаңбыржан Бекболатов.
Шара соңында қызылордалық зияткерлер мен мектеп жатақханасының өрендері достарына естелік сыйлықтарын үлестірді. Әрі қарай оқушылар дастархан басында әңгімелесіп, мектептің «Bookcrossing» бұрышынан қалаған кітаптарын оқуға таңдап алды.



