Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Мұрат Саламатовтың 80 жылдығына арналған «Қазақстанның мұнай-газ саласы: Дамудың жаңа үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, білім алушылар қатысты.
Конференцияда белгілі мұнайшы, Маңғыстау аймағында, оның ішінде Өзен мұнай өндірісінде еңбек еткен, Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан Мұрат Ғазизұлының ел үшін атқарған еңбегі туралы айтылды.
Университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңыздылығына тоқталып, Мұрат Ғазизұлы «Құмкөлмұнай» өндірістік бірлестігінің жұмысын өркендетіп, есімі сол арқылы тарихқа енгенін атап өтті.
Ғалымдар Мұрат Саламатовтың ел игілігі үшін атқарған еңбегімен қатар, аймақтағы мұнай-газ саласының даму тарихы туралы да кеңінен айтты.
«Мұрат Ғазизұлы еңбек жолын «Ақтөбемұнайбарлау» тресінде бұрғышы болып бастады. Қазақ политехникалық институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алды. Бұдан әрі өсу мен ілгерілеу, кәсіби білігін шыңдау жолына түсті. Іскерлігімен жұмысты шебер ұйымдастырып, бүкіл уақыты ашық аспан астында, қатал дала төсінде өтетін, тауқыметі көп, мәртебесі биік мұнай өндіру жұмысына адамдарды жұмылдырып, елмен оңай тіл табысып, олардың мұң-мұқтажын сезіне білетін қасиеті оған барлық жерде де үміт пен сенім жүктеді», – деді ардагер мұнайшы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Инжинирингтік технологиялар» БББ-ның аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Ғалым Байманов.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин Мұрат Саламатов тұсында мұнай-газ саласының көрнекті мамандары қалыптасқанын жеткізді.
Айта кету керек, конференцияда Қызылорда облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев, М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (ұлттық зерттеу университеті) профессоры, техника ғылымдарының докторы Валерий Подгорнов, «ГазпромВНИИГАЗ» ЖШҚ тәжірибелік-эксперименттік орталығының эксперименттік зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, ПРЭ ғылым академиясының академигі, РҒА Мұнай және газ секциясы бойынша корреспондент-мүшесі Василий Пищухин, Мұнай және газ ұңғымаларын, желдерді бұрғылау кафедрасының аға оқытушысы Сергей Бороздин, М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (ұлттық зерттеу университеті) теңіз мұнай-газ кен орындарын игеру кафедрасының магистранты Иван Ветров, «ТМГ Оперейтинг» ЖШС Геология және әзірлеу департаменті тобының жетекшісі Ляззат Санкибаева, «ПетроҚазақстан Құмкөл ресорсиз» АҚ-ның көмірсутек қорын есептеу бөлімінің басшысы Айбек Алдажар, «ПетроҚазақстанҚұмкөл ресорсиз» АҚ жетекші инженері және Қытай мұнай университетінің докторанты (China University of Petroleum) Думан Қасенов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Инжинирингтік технологиялар» БББ – ның зерттеуші профессоры Нұрбол Аппазов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Инжинирингтік технологиялар» БББ – ның аға оқытушысы Сәкен Сейтжанов баяндама жасады.