Kyzylorda-news.kz. Осыған дейін мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі жайында айтылған. Ондағы талаптардың бірі — педагог қызметіне алғаш кіріскелі тұрған мамандарға міндетті біліктілік тестілеуден өту. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым минстрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында өз ойын ортаға салды.
«2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлекті тесттілеуден өткіздік.
Тестілеу пилотты түрде өтті. Бірақ енді жаңа ережелерді қабылдағаннан кейін, биылдан бастап түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық жоғары білімі туралы дипломының болуы жеткіліксіз. Енді қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті.
Бұл қалай жүзеге асырылады?
Бәрі өте қарапайым.
Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады.
Жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды.
Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек.
Енді 2021 жылғы пилоттық жобаның нәтижелері туралы:
Болашақ педагогтерді алғаш рет тестілеу көптеген жоғары оқу орны үшін үлкен сынақ болды.
Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан түлектердің 46 пайызы ғана қажетті балл жинағай алғанын айта кеткен жөн. Бұл — тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы ғана. Ақпарат ретінде айта кетейін, жыл сайын білім беру ұйымдарына 12-14 мыңға жуық педагог жұмысқа орналасады. Яғни, бұл шара мұғалім тапшылығына айтарлықтай әсер етпейді.
Бәрінен бұрын мұндай нәтиже жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыру, профильдеу, білім беру бағдарламаларын жаңарту және басқа да бастамалар бойынша министрліктің қабылдап жатқан шаралары қажет әрі дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр.
Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін педагогтерді еліміздің 86 жоғары оқу орны даярлаған болатын. Министрлік атқарған жұмыстың нәтижесінде 30-дан астам ЖОО-ның педагогика бойынша лицензиясы қайтарып алынды.
Айта кетерлік жайт, біз лицензиясын қайтарып алған жоғары оқу орындарының түлектері тестілеу кезінде ең төмен нәтижелер көрсетті.
Бірақ, соның өзінде әлі 50-ден астам жоғары оқу орнының лицензиясы бар, олар педагогтерді даярлауды жалғастырып жатыр. Барлық мәселе олардың кейбірінің нәтижелері оқыту сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігінде.
Осыған байланысты алдағы уақытта да елімізде кадрлар даярлау сапасын жақсарту үшін қажетті шараларды қабылдайтын боламыз, әсіресе, педагогикалық бағытта. Енді
негізгі тренд анықталып, педагог мамандығы мектеп түлектері үшін қызықты бола бастаған кезде, бізге болашақ мұғалімдерді жоғары сапада даярлауды қамтамасыз ету өте маңызды.
Бұрын ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 55-60 болып, тиісті балл жинай алмау мәселесі өзекті болған еді. Ал қазір оқуға түсушілердің орташа балы айтарлықтай өсіп, 96-ға жетті. Сондай-ақ үздік түлектер мен «Алтын белгі» иегерлерінің саны да шамамен екі есе өсті. Педагогикалық бағыттағы мамандықтарға түсу үшін ҰБТ-ның ең жоғары шекті балын қойғанымызға қарамастан, осындай көрсеткішке жетіп отырмыз.
Осылайша, Президент Қ.К. Тоқаевтың қолдауының және мемлекет қабылдаған кешенді шаралардың арқасында бұл мамандыққа деген қызығушылық айтарлықтай артты.
Осы уақытқа дейін жалақы көлемін арттырып отырғанымызға қарамастан, Президенттің тапсырмасы аясында 2022 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы тағы 25%-ға өсті.
Кейбір түлектерді, атап айтқанда, оқу бағдарламасын тиісті деңгейде игермеген және алған дипломдарының негізінде ғана жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерді енгізілген тәртіп қуантпайтыны анық. Кейбір университеттерге де бұл шешім ұнаған жоқ, өйткені, бұл олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқын көрсетті.
Бірақ біз жоғары оқу орындарының білім беру қызметінің сапасын жақсарту мақсатында, мектепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.
Аталған тиімді тұстарынан бөлек, бұл шара студенттерді диплом үшін ғана оқуға емес, шын мәнінде сапалы білім алуға ынталандырады деп үміттенемін. Ал жоғары оқу орындары тиісті сапада білім беруге міндетті болады.
Бұл шешімді барлығы бірдей оң көзқараспен қабылдамайтыны белгілі болды. Бірақ мен оның маңызды әрі қажет екеніне сенімдімін.
Егер ұшқыштар немесе аудиторлар мен адвокаттар қызметіне кірісуі үшін жауапты емтихан тапсыратын болса, балалармен жұмыс істеуді алғаш рет бастайтын педагогтер сынақтан өтуі қажет емес пе». — деді ҚР Білім және ғылым минстрі Асхат Аймағамбетов.