Kyzylorda-news.kz. Бүгін елімізде барлық мамандықтың атасы атанған мұғалімдердің кәсіби мерекесі. Тек білім беріп қоймай тұтас ұлттың тәрбиесіне қатысатын, әр бір шәкірттің өміріне даңғыл жол салып беретін ұстаздар қауымына қоғамның құрметі ерекше. Ілім-білімнің, мәдениет пен өркениеттің дамуына үлес қосып келе жатқан аймақ мұғалімдерінің еңбегі өлшеусіз. Сондай білікті мұғалімдердің бірі Жадыра Жаңабаева. Ол бүгінде Сырдария ауданы Ақжарма  ауылындағы №130 Абай атындағы  орта мектебінің тарих пәнінен сабақ береді. 

Жадыра Ерболатқызы осыдан 13 жыл бұрын еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №15 М.Дүйсенов атындағы гимназияда  тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Жаңа ғасырға сай өзгеше қабілетке ие шәкірттің жүрегіне жол табу оңай емес. Жадыра осы жолда тынбай ізденіп, біліктілігін арттырып, еңбек етіп келеді. Қала мектебінен жинаған мол тәжірибесімен Ақжармалық балаларды оқытуға күш салып жатыр. 

«Мектеп бітіргеннен кейін бала арманыма қол жеткізу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң мамандығым бойынша ұстаздық жолға түстім. Дүниеге әкелген ата-анадан кейінгі адам өмірінде маңызды орны бар ол - мұғалімдер. Қай мамандық болмасын мұғалімнің алдынан өтеді. Сондықтан мәртебелі мамандықтың иесі болғанымды зор абырой санаймын. Алдымдағы әр бір шәкірттің білімді, саналы азамат болып қалыптасуына әсер ете алсам мамандықтың шыңына жету деген сол шығар», - дейді жас ұстаз. 

Ұстаздың еңбегі шәкірттің шыққан шыңы мен жеткен жетістігімен бағаланады. Бұл тұста Жадыраның еңбегі еш кетпеді. Білім берген оқушылары облыстық, республикалық білім бәйгелері мен ғылыми жоба байқауларында алдыңғы орындардан көрініп жүр. 

«Елдің ертеңі - балалар. Қазіргі біздің мақсатымыз және міндетіміз елімізді  алға жетелейтін ұрпақ тәрбиелеу. Адамзат қоғамын алға қарай жетелеуші құдіретті күш тек білімге ғана тіреледі. Мектепте оқытуды ұйымдастыратын бірден  бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нәтижелі болуына ықпал ететін нұсқа сол сабақты өткізудің әртүрлі әдіс-тәсілдері. Мен сабақта жаңа әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ой-пікірін еркін жеткізулеріне мүмкіндік беремін. Ол өздеріне деген сенімділікті арттырады. Сабақ барысында  «Ассоциация» , «Топтау», «Түртіп алу», «Болжау», «Әлемді шарлау», «Ыстық орындық», «Мәліметтеу»  тағы сол сияқты әдістерді пайдаланамын. Бұл әдістер оқушыларға әр тақырып бойынша нәтижелі білім алуға көмектеседі», - дейді Жадыра Жаңабаева. 

2a575097-a51b-4d30-b8a8-bbe9586e3380.jpg
ffaea174-6049-4afa-ab35-cde5e83b11df.jpg

 

Тағы да оқыңыз: