Kyzylorda-news.kz. Көңілге қуаныш ұялайтын көктемнің төл мерекесі - Халықаралық 8 наурыз әйелдер күніне орай «Ана – өмір, Ана – көктем, Ана – ұстаз» тақырыбында Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мен қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы ұстаздар қауымын құттықтады.
Мерекелік шарада ақ-тілектер айтылып, мерейлі 80-85 жасқа толған ардагерлерге құрмет көрсетілді.
– Ардақты аналар, аяулы арулар, Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер.
Айдай сұлу аруларымыз арамызда жарқырап жүрсе өмірдің мәнділігі өзектеле түседі, сүйіспеншілік артады, сыйластық төрге озады. Мерейлі мерекеде Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Ерлан Теңізбайұлы.
Шара барысында Ерлан Теңізбайұлы ұстаздарға арнайы әзірленген сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстап, білім саласында еңбегі еленген ардагер мұғалімдерді құрметтеп, шапан жапты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы білікті ұстаздарды түрлі номинациялар бойынша марапаттады.
Мерекелік кеште жас өнерпаздар әннен шашу шашса, мың бұралған бишілер көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.