Фото: vk.com/psykolog26

Kyzylorda-news.kz Менталды арифметика немесе шапшаң есептеудің әдісі – математикалық және логикалық ойын екендігін дәлелдей отырып, баланың белсенді ойлауына және есте сақтау қабілетіне, ойының ұшқырлығына жақсы әсерін тигізетіндігі ғылымда жан-жақты дәлелденіп отыр.

Бұл әдіс 4-14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Бағдарлама негізінен  әдепкіде Жапонияда, кейін Қытайда пайда болған «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты.

 Абакус – қосу, азайту, көбейту, бөлу сияқты амалдар сандарының орнына моншақтарды пайдалана отырып, орындауға арналған құрал. Осы әдістеменің көмегімен бала күрделі арифметикалық амалдарды бірнеше секундтың ішінде ойлап тауып немесе «абак» шотының көмегімен есептеп шығара алады.

1993 жылы Малайзиялық профессор Дино Вонг осы бағдарлама негізінде алғаш рет UCMAS бағдарламасын ойлап тауып, осыған арналған орталық ашқан екен. Қазір бұл бағдарлама әлемнің 75 елінде сұранысқа ие. Бағдарлама Қазақстанға 2011 жылы келіп, осы жылдары аудан, облыстарда менталды арифметикаға арналған орталықтар ашыла бастайды және ол бағдарламаны жете меңгерген үйірмедегі көптеген бала халықаралық, әлемдік деңгейдегі жүлделерге ие болып жүргендігін теледидар, баспасөз беттерінен оқып жүрміз.

Осы жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Жосалы кентінің тумасы, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Дидар Ерғазыұлын лайықты мақтан етуге болады.

 Оның кішкентай кезінен кез келген есеп түріне жүйріктігі байқалатын еді. Осыны байқаған ата-анасы мен пән мұғалімдері Ләйлә Сағатбекова мен Мереке Жөнербаевалар оны 2-сыныптан бастап, ауданда ашылған менталды арифметика орталығының үйірмесіне қатыстыра бастайды. Жастайынан зерек Дидар бағдарламаны шебер меңгеруімен көзге түсіп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса отырып, алдыңғы қатардан көріне білді. Атап айтқанда, өткен жылы Шымкент, Тараз қалаларында өткен жарыстарда І орын, осы жылдың қараша айында Египетте өткен халықаралық жарыста І орын, наурыз айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық олимпиада бойынша гран-при иеленді. Осы жылы бастауыш сыныптар арасында өткен «Бастау» олимпиадасы бойынша ауданаралық мектептер бойынша І орын алып, облыстық сайыста ІІІ орынға ие болды. Осы жетістіктері үшін облыс әкімі Н.Нәлібаевтың алғыс хатымен марапатталды.

– Үйірмеге қатысқалы оның шыдамдылығы мен зейінділігі, ойлау қабілеті арта түсті, – дейді Дидардың анасы Назым Қызылбаева. Бізде Дидар Таласбек баламызға алдағы уақытта да зор табыстар тілейміз.

18575b41-e337-494f-bf24-002590ce9047.jpg

Тағы да оқыңыз: