Kyzylorda-news.kz. Мектептерде математика пәні оқушыларды екі топқа бөліп оқытылмақ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты .
«Мемлекет басшысы техникалық мамандарды дайындау бойынша тапсырма берді. Осы тапсырманы орындауға математикалық білімді дамыту өз септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан біз біріншіден, матаматиканы мектептерде топқа бөліп оқыту мәселесін қарастырып, ұсынып, оны енгізуге дайындалып жатырмыз.
Екіншіден, технология, еңбекке баулу мәселесі де өте маңызды. Сол себепті бұл пәнді де бөліп оқыту керек. Кезінде солай болған. Енді сол тәртіпке қайтып келуіміз қажет», — деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің дерегінше, биыл 200 мектеп салынып, 2 мың пәндік кабинет сатып алынады. 300 балабақша ашылады.
«Білім беру статистикасын ашамыз. Бізде Ұлттық білім беру деректер базасы деген бар. Жеке деректерден басқа барлық деректерді ашуымыз керек. Әрине, статистиканы ашқанда да ол кезең-кезеңмен істелетін жұмыс. Дегенмен, бұл статистика барлық қоғамға ашық, түсінікті болуы керек. Қоғамның бақылауы болуы қажет», — деді ол.