Kyzylorda-news.kz. Айтбай Хангелдин атындағы №179 орта мектебінде «Жұлдызды Ұстаз – 2023» атты салтанатты қорытынды шара өтті. Салтанатты жиында 2022-2023 оқу жылының қорытындысы негізінде оқушылары додадан оза шапқан ұстаздар марапат төрінен көрінді.

Шара барысында №179 орта мектептің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген шарада биылғы оқу жылында толымды табысқа жетіп жүрген ұстаздар қауымының еңбектері еленді. Салтанатты жиында мектеп директоры Асқар Әнуарбекұлы биылғы оқу жылында жеткен жетістіктерге арнайы тоқталып, мектеп намысын қорғап жүрген ұстаздарға алғысын білдірді.

Биылғы 2022-2023 оқу жылында №179 орта мектеп шәкірттері қалалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында, оқушыларға арналған түрлі байқаулармен спорттық сайыстарда және «Ұлттық Лига» сайыстарында топ жарып жүлделі орындарға ие болды. Мектеп шәкірттері білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар да кәсіби байқауларда алдыңғы қатардан көрініп, жүлделі орындардың иегері атанды. Жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесі мектеп абыройын асқақтатқаны анық.

Жетістіктерге орай мектептің акт залында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, «Жұлдызды Ұстаз – 2023» лентасы тағылып, сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар мектеп жанындағы «Нұрбөбек» шағын орталығы ұжымына және мектептің кіші қызметкерлеріне арнайы сый-сияпат табысталды.

Тағы да оқыңыз: