Kyzylorda-news.kz. Таяуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда біршама мәселелерге тоқталып өткен болатын. Соның ішінде мектеп оқушылары арасындағы білім мен тәрбие жөнінде де айтып өтті. Мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді.

Асқақ арманмен баласын мектеп қабырғасына сенімді түрде тапсырған әр ата-ананың көкейінде «тентек оқушылар балама әлімжеттік жасамайды ма екен?» деген сынды сауал туындары анық. Тіпті бүгінгі күні оқушылар арасындағы жайсыз жағдайларды көз көріп, құлақ естіп те жүргені рас. Мұндай жаңалықтан ақпараттанып жүрген барлық ата-ана өз баласының жүріс-тұрысына аса назар аударатыны белгілі.

Иә, әр сыныпта ашушаң, мінез-құлқы өте ауыр бір оқушы болады. Ондай оқушылар өз қатарластарын сөзбен келемеждеп, кемсітсе, кей кездері күш жұмсап замандасына психологиялық қысым келтіріп жатады. Мұндай жағдайды көбіне «bullying» деп атайды. Яғни, бұл қорқыту деген мағынаны білдіреді екен. Негізінен ата-ана баласын жаман болып, қисық жолмен жүрсін деп тәрбиелемейді. Смартфонға телмірген бүгінгі қоғам бүлдіршіндерінің психологиясы мүлдем бөлек десек те болады. Себебі кішкентай көгілдір жәшік ішіндегі түрлі ұрып-соғу мен атыс ойындарын ойнайтын бала, қатарласы түгілі ересек адамды да аямасы анық. Міне, осындай ойындардың кесірінен мектеп қабырғасында ер балалар арасындағы әлімжеттік оқиғалары көбеймесе кемімесі белгілі. Расымен, әлімжеттік әрекеттер ертеден бар дүние. Дегенмен ол кезде бүгінгідей қатыгездік пен жауыздық әрекеттерге бара бермейтін. Өкінішке орай, қазіргі баланы смартфон құрылғысы тәрбиелеп отырғаны рас.

Бүгінгі мәселеге орай мектеп психологын әңгімеге тартқан болатынбыз. Бұл жөнінде М.Жаңабайұлы:

– Балалардың барлығы мектеп қабырғасында орын алып жатқан жағдайларды ата-анасына айта бермейді. Тіпті оған әлімжеттік көрсеткен балалар «егер біреуге тісжарар болсаң, сені жайдан жай қалдырмаймыз» деп қорқытуы да мүмкін ғой. Сол үшін әлімжеттіктің құрбаны болған бала психологиясы өзгеріп, қатты тұйықталып кетеді. Кей кездері сабақ үлгерімі де нашарлап, қатарластарымен ойнап-күлуден қалып жатады. Бұл жағдай әрі қарай жалғасын таба беретін болса, баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін апарады. Мұндай жағдайда баламен ашық түрде сөйлесіп, оған сенім білдіргеніміз жөн. Осы жағдайға байланысты бізде мектепте оқушылардан түрлі психологиялық тест сынақтары алынып, кері байланыс орнатып отырамыз,–дейді.

Психологтың айтуынша, өз отбасында әлімжеттіктің құрбаны болған бала сыртқы ортада жанындағыларға соны қайталайды екен. Яғни, өзінің әлсіздігін байқатпау үшін, өзінен әлсізді тауып алады. Сол үшін отбасындағы бала тәрбиесіне келгенде бей-жай қарамау керектігін айтты.

– Мен баламмен күнделікті кешкі ас уақытында бүгінгі мектептегі күні қалай өткендігін сұрап, қандай жағдайда болмасын баламен барынша ашық сөйлесуге тырысамын. Сол кезде ғана оның қай тұстан абдырап, не айтарын білмей қалғанынан-ақ оның қысым көріп жүргендігін аңғаруға болады. Негізінен мектепте оқушыларға өз құқығын қорғау жөнінде сабақтар өткізіліп, көмек көрсетілсе жақсы болар еді. Себебі әлімжеттікке ұшырап, кімнен көмек сұрарын білмей қалған балаға бұл әлдеқайда пайдалы болар еді. Сол себептен атаулы мәселені осы бастан қолға алар болсақ, толықтай жоюға да негіз болары сөзсіз,–дейді ата-ана Г.Өтепқызы.

Дана халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» деп бекер айтпаса керек-ті. Яғни, халқымыз ерте кезден бала тәрбиесіндегі шектеулер мен тыйымдарды нақты айтып отырған. Бүгінде атадан қалған асыл сөздің ешқандай мәні қалмаған секілді. Бала тәрбиесіне келгенде кей ата-ана оны шектен тыс еркелетіп, сұрағанын алдына әкеп беріп отырады. Таңның атысынан кештің батысына дейін «осы бала тыныш болсын» деп қолына ұялы телефонды ұстатып, артық мәселе туындатқысы келмейтін жандар да жоқ емес. «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз»-деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол себептен «Тәрбие тал бесіктен» демекші, баланы шаңырақ басынан бастап тәрбиелеп, мектеп қабырғасында балаларға Отаншылдық қасиетті үлгі ете білген жөн.

Тағы да оқыңыз: