Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «AI Urpaq challenge» атты мектеп бітіруші түлектерге арналған республикалық байқау ұйымдастыруда.

AI URPAQ дегеніміз не?

AI URPAQ – бұл жоғары технологиялар және жасанды интеллект саласындағы болашақ көшбасшылар командасының бір бөлігі болуға ұмтылатын дарынды талапкерлер арасындағы беделді сайыс.

Егер сіз осы жылы мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы және ұлттық біріңғай тестілеудегі бейіндік пәндеріңіз «физика-информатика» бағытында болса аталған байқауға қатыса аласыз. Маңызды қадамдардың бірі − ұлттық біріңғай тестілеуден кем дегенде 50 балл жинауыңыз шарт. Үздік атанған қатысушыларға - Institute of Artificial Intellegence by Korkyt Ata 3 білімгранты табысталады.

Неліктен AI URPAQ-қа қатысу керек?

Оқуға түсу мүмкіндігі: Сайыс жеңімпаздары Жасанды интеллект институтына жеңілдікпен түсу мүмкіндігіне ие болады.

Стипендиялар және гранттар: Ең үздік қатысушылар оқуға стипендиялар және гранттармен марапатталады.

Заманауи білім беру бағдарламалары: SeoulTech (Сеул ұлттық ғылым және технология университеті) серіктестігімен заманауи оқу бағдарламаларына қол жеткізу.

Халықаралық мүмкіндіктер: Әлемнің жетекші университеттерімен халықаралық тағылымдамалар мен алмасу бағдарламаларына қатысу.

Қабілеттерді дамыту: Сайысқа қатысу сізге сыни ойлау, мәселелерді шешу дағдыларын және шығармашылық қабілеттеріңізді дамытуға көмектеседі.

Қалай қатысуға болады?

1. Тіркелу: www.kyzylordahub.kz/ сайтына өтіп, онлайн-форманы толтыру

2. Бірінші кезең: Әлеуметтік желілерде reels жариялау.Қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде төменде көрсетілген тақырыптарда ұзақтығы 1 минуттан аспайтын «reels» жариялауы керек:
«AI менің өмірімде»
«Мен AI маманы боламын»
«AI – жақсы әлем үшін»
«Мен – AI ұрпақпын» .
Басылымда #АiUrpaq2024 хэштегтерін пайдаланып @talapker_korkyt, @ai.korkyt.kz, @kyzylordahub парақшаларын белгілеу және Reels-ты жоғарыда көрсетілген парақшаларды белгілеп stories-қа бөлісу керек

3. Екінші кезең: Білім деңгейін анықтау - ағылшын тілінен жазбаша тест. Бірінші кезеңнен өткен қатысушылар ағылшын тілі бойынша тестілеуге шақырылады.Тест онлайн режимде «Google Forms» платформасында өткізіледі 

4. Үшінші кезең: “AI – Idea battle” жобалар конкурсы. Екінші кезеңнен сәтті өткен қатысушылар "AІ – Idea battle" форматында идеяларын ұсынуға шақырылады. Жобаларды қатысушылар 10 слайдқа дейінгі презентация түрінде ұсынады. Instagram-да reels жариялау 17-21 маусым. Ағылшын тілінен тест 25 маусым. AI жобалар байқауы 26-28 маусым күндері өтеді.

Байланыс ақпараты:

AI URPAQ сайысы және қатысу шарттары туралы қосымша ақпарат алу үшін: 

- Электрондық пошта: Ai@korkyt.kz

- Телефон: +7 (775) 517-66-68

- Веб-сайт: www.korkyt.edu.kz/

Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі жұмыс істейді. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылды.

Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайды. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.

− Академиялық білімді дамыту және ғылымды қолдау, жасанды интеллект саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті келісімге келді. Сол келісім аясында ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) IT бағытындағы үздік мамандарды оқытады.

Оқуға түсетін талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді. алпы, шетелдік оқу орны жоба бойынша заманауи құрылғылармен де қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Жасанды интеллект инстиутында оқыған студенттеріміздің Бұл уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп үлгерді. Болашақта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары білім беруге келмекші.

Жасанды интеллект институтына оқуға түсу үшін биылғы түлектер «информатика + математика» пәндері бойынша ҰБТ тапсыруы керек. Кейін міндетті түрде біздің ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын сынағымыздан өтуі қажет немесе IELTS 5+ сертификаты жарайды. Себебі бізде білім алу толық ағылшын тілінде жүргізіледі.  Робототехника кабинеттері ашылуын ашылады, бірақ мына дүниені түсінуіміз керек. ІТ – бір орында тұрмайтын сала. Жаңадан ашылған робототехника кабинетіндегі құрал-жабдықтар 2-3 жылдан кейін маңыздылығын жояды. Себебі оның орнын жаңа техника басады. Мектептерде робототехника кабинеттері 5-6 жыл бұрын бум болып ашылды да, сол күйінше қалып қойды. Бірақ технология дамуда, тіпті интеллектуалды роботтар пайда болды. Қазір көп мектептегі роботтар төмен деңгейдегі бағдарламамен жұмыс істейді. Маман даярлау жағына келсек, егер нарықта сұраныс болса, мамандардың кәсіби білімін тез арада жетілдіруіне мүмкіндік бар. Айталық, алғаш рет мектептерге робототехника заттарын әкелгенде мұғалімдер қиналғаны рас. Қазір информатиктердің барлығы дерлік бұл құрылғылармен жұмыс істей алады. әлі күнге дейін ІТ компаниялармен байланыстамыз. Өз коммунитиларымыз бар. Мұндай жұмыс орындары Kyzylorda Hub арқылы да керек мамандарды іздейді. Арнайы талаптарына сәйкес университет, колледж бітірген түлектер, жан-жақта жүрген қызылордалықтардың арасынан жақсы маман тауып беруге тырысамыз. Қызылордада мықты ІТ мамандар жұмыссыз қалмайды. Қазірдің өзінде үш жұмыс орнына осы сала бойынша қызметкер қажет. Әрине, бірден табу оңай емес. Себебі білікті мамандар аз. Қазір ақпараттық қауіпсіздік, графикалық дизайн, вебсайт мамандары, жаңа бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін, интеллектуалды сайт әзірлей алатын маман қажет. Компаниялар мұндай қызметкерлерге бір жарым миллион теңгеге дейін еңбекақы төлейді.

Қазіргі уақытта жас мұғалімдердің арасында, Оқушылар үйінде де мықты бағдарламашылар жинақталған. Ешкімнің атын айтпай-ақ қояйын, есіме түспей қалғандары ренжіп қалар… Ең бастысы, бұрын өзіміз дайындаған жастар қазір өздері команда құрып, жаңа жобалармен айналысуда. Бұл – өте қуанатын жағдай, − деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, жасанды интеллект институтының директоры Н.Серікұлы.

Бұл бағытта жаңалықтар көбеюде. Мәселен 2025 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қос диплом бағдарламасы бойынша Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде (СеулТех) оқитын болады. Мұндай мүмкіндік университеттер арасындағы Қазақстандық және Корей студенттері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын келісімнің арқасында пайда болды.

Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Астана қаласында Инвестициялар және бизнес, ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар шеңберінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында "AI architect", "Data management" сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

Студенттер қос диплом ала алады – СеулТехтен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен. Осы бағдарлама бойынша оқуға қабылдау 2025-2026 оқу жылынан басталады. Бағдарламаны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебіне түскен студенттер пайдалана алады. Келісім аясында студенттер Қазақстанда алғашқы төрт семестр оқиды, содан кейін келесі төрт семестр Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде оқуды жалғастырады.

Бағдарламаға қатысушылар екі университеттің академиялық талаптарын, соның ішінде міндетті және таңдамалы курстарды орындауы керек. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу академиялық және тілдік құзыреттер, мәдениетаралық коммуникация дағдылары негізінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы академиялық байланыстарды тереңдетуге, студенттердің мәдениетаралық құзыреттілігін дамытуға және олардың халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Студенттердің бірінші тобы осы бағдарлама аясында 2025 жылдың қыркүйегінде оқуға кіріседі. 

Жоғары оқу орындары ректорларының кездесуінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы - ректоры Бейбіткүл Кәрімова: 

"Біз СеулТехпен ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға қуаныштымыз, ол студенттеріміздің алдында халықаралық білім алу және мәдени алмасу үшін бірегей мүмкіндіктер ашады", - деп атап өтті. Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің президенті Дон Хван Ким өз тарапынан: "Шартқа қол қою біздің академиялық байланыстарымызды нығайтады және екі елдің студенттері үшін жаңа көкжиектер ашады. Біз бұл бағдарламаны іске асыруды асыға күтеміз".

Осылайша, Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект сәулетшілері мен деректерді басқару жөніндегі мамандар даярланады. Елімізге күнделікті қызмет пен бизнес-процестерге ЖИ енгізе алатын, Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын жоғары білікті кадрлар қажет. Сондықтан әлемдік технологияларды білетін адами капиталды қалыптастыру жаһандық білімсіз және халықаралық ынтымақтастықсыз мүмкін емес.

 

А.Текебай

Фото:ichip.ru

Тағы да оқыңыз: