Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет ардагерлерді құттықтады.
Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шарада Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагерлер қауымын құттықтап, ризашылығын білдірді.
Аталған шарада Мейрамбек Зинабдинұлы қоғамда нәзік жанды ұстаздардың және ардагерлердің алар орны ерекше екенін атап өтіп, ыстық ықыласын білдірді.
«Сіздер рухани өресі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін, білім мен тәрбиеге сусындаған, тәуелсіз елге тірек болар жас ұрпақ тәрбиелеген биік тұлғасыздар. Ұстаз деген ұлағатты есімді қастерлеп, білім-біліктеріңіз бен шеберліктеріңіздің арқасында еліміздің білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талантты шәкірттерді тәрбиеледіңіздер. Өнегелі өмір жолдарыңыз көпке үлгі. Барша Сыр ұстаздарының атынан шынайы алғысымды білдіремін», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында облыстық білім басқармасы кәсіподақ комитетімен бірлесіп, мерейтой иелерін де құттықтап, сый-сияпат көрсетті.