Kyzylorda-news.kz  Бүгінде елімізде балаларға қамқорлақ жасауға, олардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда облыстың бала құқықтары жөніндегі уәкілі Маржан Бисеновамен аймақтағы балалардың құқығын қорғау мәселесі мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қорғау жайы туралы сұхбаттасқан едік.

– Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметіне кірістіңіз. Алдыңызға бағдар қойғаныңыз белгілі. Ұрпақ тәрбиесінде өзіңіздің де қолтаңбаңыз бар. Қалалық мәслихат депутатысыз. Көпбалалы ана деген статусыңыз бар. Жұмысты неден бастамақсыз?

– Ұрпақ тәрбиесі тақырыбы қашанда өте өзекті және жауапкершілігі зор дүние. Ұлтымыздың экономикасын өркендетіп, сапалы елге айналдырар ертеңгі ғалым да бүгінгі жас ұрпақтың арасынан шығады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей жас буынға білім, тәрбие беру – менің негізгі жұмыс бағытым. Өзім де оқу орнында тәрбие саласында, педагог ретінде білім беру ісімен айналысамын. Өзіңіз айтпақшы, көп балалы ана ретінде де ұрпақ тәрбиесі жаныма жақын. Жуырда ғана аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен «Адал ұрпақ. Саналы жасөспірім. Кемел келешек» тақырыбында облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және тәрбие бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі бойынша кеңейтілген алқа өтті. Жиында білім басқармасы, құқық қорғау саласы өкілдері атқарылған жұмысты баяндап, алдағы жоспарды айтқан еді. Қазіргі күні сала мамандарымен бірге келісу, ақылдасу, пысықтау жұмысын жүргізудеміз. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты кез-келген мәселе өте өзекті, өткір және кезек күттірмейді деп ойлаймын. Сондықтан балалар құқығын қорғау міндетін де жауапкершілікпен атқаруға күш саламын. Себебі бала өмірі – біз үшін өте қымбат. Жаңа жобаларды атқарушы органмен бірлесіп, жүйелі жүргізуді бағдарлап отырмын. Бала – адамның бауыр еті ғой. Балалармен тіл табысып, олардың мұқтажын түгендеу, қиындыққа тап болғанда мүддесін қорғау – басты міндетім.

– Бала құқығы заңмен қорғалады. Десе де қазір қоғамда балалар түрлі қиын жағдайға ұшырап жатыр. Оны күнделікті ақпарат көзінен оқып, жаға ұстайтын жайттарды көріп те жүрміз. Сондай кезде қандай әрекет жасайсыздар?

– Қазіргі жасөспірімдердің психологиясы басқа, біздің оқушы-студенттік кезеңнен мүлде бөлек. Жаһандану дейміз, әлеуметтік желілерге тәуелділік бар, қазір көшеде доп қуалап, құмда ойнайтын бүлдіршіндеріміз де некен-саяқ. Осының барлығы да баланың дүниеге көзқарасына, ойсанасына әсер етеді. ҰБТ көрсеткіші бойынша төмен балл жинаса, ата-анасы, жақындары, жігіт-қызымен сөзге келіп қалса да оқыс оқиғаға қадам жасайды. Баламен бала болып сөйлесіп, сырын тыңдап, құшағымызға алып, жұбата отырып жұмыс жүргізбесек, іс насырға шабуы мүмкін. Мұндайда тәрбие жұмысы және психолог мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, психологиясы, ахуалы бойынша жіті назарда ұстағаны дұрыс.

– Елімізде мектеп жасындағы балалардың өз-өзіне қол салу дерегі де тіркеліп отыр. Біздің аймақта ондай жағдай бар ма?

– Өз-өзіне қол салу дерегі бойынша облыс көлемінде 2023 жылы 8 аяқталған жағдай, биыл 5 жағдай орын алды. Өзекті өртейтін жайт, суицид бойынша біздің өңір ел көлемінде 6 орында тұр.

– Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай қолдау білдіресіздер?

– Перзент өмірде отбасы мен ата-ананы таңдап, не сатып ала-алмайды ғой. Кей бүлдіршіндер есін білмей ата-анасынан ажырап жатады, өкінішті жайт, әрине. Мемлекет тарапынан мұндай балаларға қолдау көрсетілуде. Аяққа тұрып кетуіне дейін бар жағдайын жасайды. Білім алу үшін арнайы гранттар, өзге де әлеуметтікқаржылық қолдау, көмек беріледі. Мен еңбек ететін Қызылорда ашық университеті де ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ректор грантын ұсынады, яғни тегін білім ала алады. Жұмыс барысынан тыс, жеке өзім де мүмкіндігінше осындай санаттағы бүлдіршіндерге қаржылық болсын, сыйлықтай болсын қолдау білдіруге тырысамын. Әрине, барлығын жариялай бермейміз ғой, жақсылықты жарнама үшін жасамаймын. Алдағы уақытта ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жан-жақты қолдауды жүйелі жүргіземіз.

– Бүгінде нәрестелерін қоқыс жәшіктеріне қалдырып кететін көкек аналар көбейді. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді білсек..

– Бұрын еліміздің тарихында сәбиді далаға қалдырған оқиға болған емес. Алайда бүгінгі күні аналарымыздың жаңа туған сәбилерін далаға, қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кетуі көбейіп кетті. Бұл жайт біздің табиғатымызға жат дүние. Бірақ жылдан-жылға тамыр жайып, дерт асқынып барады. Балалармен осы бағытта әлде де тереңірек жұмыс жүргізіп, қажет болса сабақ кестесіне арнайы пән енгізіп, қолға алу қажет деймін. Ұлтымызда әке ұлымен, ана қызымен ашық әңгімелесу үрдісі кең етек алмаған ғой. Баланы жастайынан ашық әңгімеге тартып, білім беру орындары да арнайы пән ретінде айналыса берсе, санасына тал бесіктен сіңірген ұрпақтың болашақ ата-ана ретіндегі жауапкершілігі артады деп ойлаймын.

– Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жүрекжарды тілегіңіз…

– Тәуелсіз еліміздің ертеңі балғындарымыздың қуанышы мен тыныш ұйқысын қорғау – қоғамның басты парызы. Балалық шақта бала болып еркін ойнағанға не жетсін, шіркін. Әлемнің әр түкпіріндегі қазіргі жайттарға қарап, сол аймақтардағы бүлдіршіндердің фотосынан жанарындағы мұңды көргенде жүрегің езіледі. Лайым, бейбіт сүйгіш еліміздің аспаны ашық болғай!

– Сұхбатыңызға рахмет.

Г.Асқар

Тағы да оқыңыз: