Kyzylorda-news.kz. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл және Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 355 жыл толуына орай Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Рухани KZ» танымдық керуені мен «Buketov runners» эстафеталық ультрамарафоны Қызылорда облысына келді.
Марафоншылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары және білім алушыларымен кездесіп, оқу орнындағы Археология және этнография ғылыми зерттеу орталығының көрме залымен танысты.
Жиында Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай марафонның маңыздылығына тоқталды.
Тарихи оқиғаларды ұрпақ жадында қайта жаңғырту үшін бұл марафонның маңызы жоғары. Тарихи орындарды аралау барысында жастардың елге деген құрметі, сүйіспеншілігі арта түсетіні анық. Сондай-ақ, салауатты өмір салты кеңінен насихатталуда. Осы шаралар аясында екі университет арасында меморандум жасалуда. Меморандум арқылы әріптестік байланыс нығайып, спорт және өзге де салалар бойынша ауқымды жұмыстарды бірлесіп жүргіземіз, – деді Жандос Нұртайұлы.
Айта кету керек, кездесу барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Меморандум аясында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылмақ.
Кездесуде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Дене мәдениеті және спорт» факультетінің деканы Қуанышбек Аданов марафоншылар 1400 шақырымнан астам жол жүретінін атап өтті.
Жобаға тарихшылар, спортшылар, қоғам белсенділері және студенттер қатысуда. Олар Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары бағытында жүгіреді және тарихи-мәдени орындарды аралайды. Сонымен қатар, ЖОО-лардың ұжымы және білім алушыларымен кездесуде.


