Kyzylorda-news.kz  Мамандық таңдау – өте маңызды әрі жауапкершілікті істің бірі. Әр адам өзінің өмірінде ең маңызды шешім қабылдап, екі нәрседен қателеспеу қажет дейді. Бірі өмірлік жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау. Оқу жылының аяқталуына да аз ғана уақыт қалыпты. Ал 11 сыныпты аяқтағалы отырған жас түлектеріміз үлкен өмірге қадам  басып, өмірдегі ең жауапты кезеңдердің бірі – мамандық таңдап, маңызды қадам жасағалы отыр.  Ал мамандық таңдау әр адамның өмір жолын анықтайтын шешуші сәт белгілі. «Мамандық таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау» демекші, кейінгі өмірде еш өкінбейтіндей, бойындағы қабілетіне, бейімділігі мен қалауына қарай кәсіп түрін таңдау қажет.

Мамандық таңдауда нені ескеру қажет?

    Мамандық таңдау ісі – адам өміріндегі ең маңыздылығы жоғары әрі өзекті мәселенің бірі. Тек қазір ғана емес, бұрындары да қоғамдағы аса басым мәселе болағын белгілі. Иә, кез келген еңбекті мамандық деп айталмайтынымыз белгілі. Еңбектің мамандық деп аталуы үшін де өзінің шарттары бар. Бірі қолыңызда белгілі бір мамандық бойынша диплом  болу керек болса, екіншісі сол мамандық бойынша өз ісінің маманы атану. Өз ісінің маманы атану кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Ал ол үшін ең алдымен таңдаған мамандығыңызға деген үлкен махаббат керек. Махаббатпен жасалынған жұмыс нәтижелі болатыны анық. Бір сөзбен айтқанда мамандығыңыз сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Осы жағдайда ғана адам жұмысына жауапкершілікпен қарап, құлшыныспен кірісіп, өз жұмысынан ерекше әсер алады.  Сол себепті мамандық таңдауды мектеп бітірер сәтте ғана емес, жылдар бойы саралап, ойланып таңдауы қажет. Мамандық таңдау бір қарағанда жәй нәрсе болуы мүмкін, алайда ол – бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы, тағдыры десек болады. Мамандық таңдау – тек қолға диплом алу ғана емес, бұл өз болашағыңды таңдау. Бұндай маңызды шешім қабылдауда жас түлекке дұрыс бағыт-бағдар беретін ата-ана мен ұстаздың қолдауы өте маңызды.

Тегін оқу үшін басқа мамандық таңдауға мәжбүр

    Жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2024 2025 оқу жылына 78219 грант бөлу көзделген екен. Оның ішінде көш бастап тұрған педагогикалық ғылымдар бойынша 13735 грант бөлінген. Ал машина жасау, өңдеу және құрылыс өнеркәсібі – 19 344, жаратылыстану, математика және статистика – 8288, ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2673, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1765, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1185, бизнес, менеджмент және құқық – 1323 грант бөлінген. Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оқыған мамандығымен емес, мүлдем бөлек салада жұмыс істеп жататындары қаншама. Оның басты себебінің бірі – мектеп бітіруші түлектер көп жағдайда тегін оқу үшін өзіне сай емес мамандық таңдап, сол бойынша білім алуға мәжбүр болып жатады. Мамандардың айтуынша сұранысқа ие мамандық бойынша грант саны көбейген сайын дипломы бар жұмыссыз жастар саны көбеюде екен. Сондықтан болашақта белгілі бір мамандықтарға мемлекеттік грант бөлерде, сол мамандық бойынша еңбек нарығында жұмыс бола ма, жоқ па соны жоспарлай отыра грант саны бөлінбек. Жастардың саналы түрде өз мамандығын таңдап, дұрыс шешім қабылдау  үшін міндетті түрде кәсіби бағдар беру қажет. Көп жағдайда жастар мамандықты беделі немесе жалақысы үшін, және диплом алу ғана мақсатында таңдап, нәтижесінде кәсіби білім сапасының деңгейі төмен болуына әкеп соқтырады.

Жиі таңдалатын мамандықтар

    Білім және ғылым министрінің айтуынша, мамандық таңдаудың алдыңғы қатарында дәрігер мамандығы тұр екен. Сонымен қоса соңғы уақытта педагог мамандығына да қызығушылық артқаны анықталды. – Бұл – біздің мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған жұмысымыздың нәтижесі, – деді министр. Иә расында дәрігер мен мұғалім мамандығын таңдаушылар жыл сайын көбейе түсуде. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң шеңбері аясында мұғалімдердің жалақысы артқаны да осы мамандықты таңдауға деген сұраныстың артуына септігін тигізді. Мамандардың зерттеу нәтижесінде топ-10 жиі таңдалатын мамандықтар тізімін анықтады: дәрігерлер, педагогтар, стоматологтар, тауарлар мен киім дизайнерлері, ,ғимарат, құрылыс сәулетшілері, спорт жаттықтырушылары, нұсқаушылары, спорт саласындағы мамандықтар, психологтар косметология; жарнама, маркетинг саласындағы мамандықтар, графикалық және мультимедиа дизайнерлері.

Мамандық таңдаудағы қателік

    Әлеуметтік сарапшы мамандарының айтуы бойынша қазіргі кезде мектеп бітіруші жас түлектер кім болам? деген сұраққа нақты жауап бере алмайды дейді. Оның басты себебі – жастайынан баланың бойындағы бейімділігі мен қабілетіне қарай бағыт-бағдар берілмеген. Ал мектеп баласының көп жағдайда қандай маман иесі боламын емес, ҰБТ-дан қанша балл аламын деген сұрақ мазалайтыны өтірік емес. Себебі мектепте бағыт-бағдар беруден гөрі, ҰБТ-ны жақсы тапсырып, жақсы балл алуына көп көңіл бөлінеді. Мектеп түлектерінің мамандықты кездейсоқ таңдайтындары да  осы себептен. Мамандық таңдаудағы тағы бір қателік – бала өзінің емес, ата-анасының қалауындағы мамандықты таңдауға мәжбүр болады. Кейбір ата-аналар өзінің жүзеге аспаған арманын жүзеге асыру мақсатында баласының қарым-қабілетіне қарамай өздерінің қалауларын таңдауға мәжбүрлеп жатады. Мектеп бітірушілерден «ата-анамның қалауы бойынша таңдадым», «грант үшін осы мамандықты таңдауға мәжбүр болдым» дегендерін жиі естиміз. Бұл әрине өте дұрыс емес. Өзінің қалауы және бейімділігі болмағандықтан, болашақта сол мамандық бойынша білікті әрі сұранысқа ие маман иесі болмайтындығы айдан анық. Осы тұста біраз ата-аналар балаға еркіндік бермеуінің салдарынан баласының болашағына балта шауып, өте қатты қателеседі. Сондықтан бір сәт балаға еркіндік беріп, жүрек қалауы бойынша шешім қабылдау тізгінін өзіне қалдыру қажет.

Кәсіптік бағыт-бағдар беру маңызы

    Кәсіптік бағдар беру – мамандық таңдаудың бір жолы. Қазіргі таңда замануи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі өте өзекті болып отыр. Мектепте кәсіптік бағыт-бағдар берудің басты мақсаты – өзін өзі анықтау және кәсіби қызмет саласын таңдау бойынша оқушыларға кәсіби бағдар беру болып табылады. Кәсіби бағдар беру  мектеп бітіруші түлектің еңбекке деген оң көзқарасын қалыптастыру, қызығушылықтары мен бейімділігін анықтау, қызметтің мазмұнын түсінуге үйрету, өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін талдауға үйрету бойынша қызмет атқарады.  Кәсіптік бағдарлау білікті маман болуға жол ашады. Жыл сайын елімізде 70 мыңнан аса жас түлек жұмысқа орналаса алмайды. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады. Мектептегі кәсіби бағдар – бұл студенттердің кәсіптердің әлеуметтік-экономикалық және психофизикалық сипаттамалары туралы қажетті білім көлемін игеруге бағытталған оқу-тәрбие жұмысының негізгі жүйесі. Қоғамның әл-ауқаты үшін мектептің әр түлегі өзінің мүмкіндіктеріне, бейімділіктеріне неғұрлым толық қолдануды табуы, уақытты, күш-жігерді, құралдарды ысырап етпеуі, қоғамда өз орнын іздеуі қажет. Бұл оның жұмысына деген  үлкен көмегін тигізеді. Мектеп қабырғасында  кәсіптік бағдар беру жұмысын мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері және пән мұғалімдері жүргізеді. Кәсіби кеңес  оқушының жеке басын зерттеу мен жеке сипаттама арқылы жүргізіледі. Кәсіби бағдар бойынша сынып жетекшісі оқушылардың іс-әрекеті мен дамуын бақылау, олардың оқу және сабақтан тыс жұмыстарының нәтижелерін зерттеу, сауалнама жүргізу, оқушылардың психологиялық-педагогикалық сипаттамаларын құрастыру сияқты жұмыс әдістерін қолдана алады. Оқушыларды түрлі пәндік олимпиадаларға, конкурстарға, іс шараларға қатыстыру осы кәсіптік бағдар беру мақсатында ұйымдастырылады. Қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз мамандардың көбеюі мәселесі белең алып тұр. Сол себепті болашақ мамандардың дұрыс мамандық таңдау үшін мектеп табалдырығынан бастап өзінің қабілеті мен қай салаға бейімділігін анықтау маңызды болып табылады.

ҰБТ деп мамандық таңдаудан қателеспе жас түлек

  Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер ұлтық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Барлығы да таңдау пәнін ой елегінен өткізіп, таңдап та үлгерген кезге жетті. Алдарында үлкен өмір жолы. Осы жолға шықпай тұрып оларды үлкен таңдаудың бірі – мамандық таңдау күтіп тұр. Барлығы іштей қобалжып, өте алмай қалам ба деген үлкен қорқыныш сезімі билейтіні белгілі. Тестілеу аяқталғаннан кейін жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырып, сонымен қоса мамандық таңдау маусымы басталады. Бұл сәтте таңдаған мамандығына балы жетпей қалуы да әдбен мүмкін. Жеткен күннің өзінде бірнеше мамандыққа тапсыруға мүмкіндік болады. Көбінесе мектеп бітіруші түлектер мен ата аналар тапсыратын оқу орындарына аса мән беріп, мамандықты екінші орынға қойып жатады. Алайда жүрек қалауымен таңдамаған түлекке ауыр соғары анық. Сол себепті ең бірінші мамандық содан кейін ғана жоғарғы оқу орнына мән беру қажет.

Түйін. Ел болашағы – білімді ұрпақ дейтін болсақ, жастарымыздың болашақ мамандығын таңдауда үлкен жауапкершілікпен қараса дейміз. Бұл әр адамның өміріндегі ең маңызды сәт және оны жіберіп алмай таңдауға байыптылықпен қарау қажет. Кемел келешектің жарқын кепілі – дұрыс таңдалған мамандық. Ұлы Абай атамыз айтқандай «қолын мезгілінен кеш сермеп» қалмау үшін ертерек іске көшкен абзал. Себебі өмір табалдырығынан аттаған жастың жүрегіне жақын мамандыққа ер салуы, ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басуына да алғышарт болары анық деп айта аламыз. Заманың түлкі болса, тазы боп шалар уақытта өз ойын ашық жеткізе алатын тұлға болып қалыптасуды қазірден бастаған жөн.

Алтынай Қайратқызы

Сурет: collegeplan.guru

Тағы да оқыңыз: