Kyzylorda-news.kz. Мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, болашаққа бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін асыл жандар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ тәрізді. Өйткені, ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытатын жұмысшы, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі ұстаздан білім алады. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Досбол датқа ауылдық мәдениет үйінде бейнеттің зейнетіне шыққан Күләш Әлішоваға көрсетілді. «Дара тұлға, дара жол» атты шараға №155 Д.Шыныбеков атындағы орта мектебінің директоры Есім Асқар, Досбол ауылдық клуб басшысы Шолпанай Досымова, ауыл тұрғындары, мектеп мұғалімдерімен бірге мектеп оқушылары қатысты.
Ең әуелі мектеп директоры Есім Асқар сөз алып, зейнет жасына шыққан Күләш Әлішоваға ізгі тілегін білдіріп, ұжым атынан бағалы сыйлығын табыстап:
«Ұзақ жылдар бойы мектебімізде еселі еңбек етіп, қанша жас ұрпақтың үлкен өмірге қанат қағып ұшуына және әр жас түлектің бойына тәрбие, білім мен ілімді сусындатып, зейнет жасына абырой биігімен шығып жатқаныңызға қуаныштымын. Алдағы уақытта бейнеттің зейнетін көріп, немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, ақ жаулықты әже атануыңызға тілектеспін», – деді Күләш Әлішова.
Иә, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолында бағытынан таймасы анық.
Тағылымға толы шарада Досбол датқа ауылдық мәдениет үйінің басшысы Шолпанай Досымова ән айтып, жанарына жас алып, көкейде көмкерілген ақжарма тілегін жеткізді.
«Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру болса, сіз ауылымыздан түлеп ұшқан әр түлектің жолын бағамдап, мақсатын айқындай білдің», – деді Күләш Әлішова.
Айта кетейік, Күләш Әлішова 1962 жылы Жиделіарық ауылында дүниеге келген. 1979 жылы 8 жылдықты бітіріп, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1981 жылы аталған білім ордасын тәмамдап, 1982 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, бітіреді. 1981 жылдан бастап, №155 Д.Шыныбеков атындағы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп, 1992 жылдан бастап осы жылға дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді. Осы еңбек еткен еселі жылдар аралығында республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық және «Аманат» партиясының бірнеше марапаттарын иеленген.