Kyzylorda-news.kz. Дүние дүрмекке ілесу үшін мамандық кәсібімізге ғана емес, өміріміздің өзегіне айналып бара жатқандай. Себебі, кәсіпсіз күн көру қиын. Көп адам мамандықты дұрыс таңдамағанның салдарынан жұмыс таба алмай, қиындықтарға тап болып жатады. Әрі-беріден соң, өзі ұнатпайтын салада грант үшін ғана оқитындар мен оқығандар да көбейіп кетті. Бұл мемлекеттің қаржысы далаға кеткенмен тең. Осындай олқылықты болдырмау үшін қайтпек керек?

Осыған орай, облыстық мемлекеттік архиві және Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мамандығым мақтанышым» тақырыбында кездесу өтті.

Бұл кездесу жасөспірімдерге мамандық таңдау бағытында толыққанды ақпараттандыру және дұрыс бағыт-бағдар беру, мамандық әлемі және ерекшеліктері туралы дүниетанымын кеңейту, оқушыларға патриоттық тәрбие беру, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету үшін ұйымдастырылған.

Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы педагогикалық, медициналық, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық жоғары колледждерінің оқытушылары, облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің ұстаздары, оқушылары және архив мамандары қатысты.

Басқосуда Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ж.Күзембаева кез келген шәкірттің алдында мамандық таңдау мәселесі тұратынын, оны дұрыс таңдауға бағыт-бағдар берілетінін айта отырып, жастарға тілектестік білдірді.

Облыстық мемлекеттік архивінің архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің археографы А.Әлиасқарова қордағы әр сала бойынша маман иелерінің жеке құжаттарына тоқталып, елімізде aшық aзaмaттық қoғaм oрнaтyдa архив ісі мамандығының мaңыздығын атап, оқушыларға түсіндірді.

Кеште мамандық таңдауда кездесетін қателіктердің келешекте қандай әсері болатыны, мамандықты дұрыс таңдауда қойылатын талаптар мен оқу шарттары туралы ақыл-кеңестер берілді. Ұстаздар да болашақ маман иелеріне сәттілік тілеп, қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзара пікір алмасты. Мектеп ұжымы шара соңында кездесу оқушылардың болашақта өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келетін мамандықты анықтауға, жеке таңдау жасауға үлкен септігін тигізетінін айта отырып, қонақтарға алғыс білдірді.
Кеш соңында оқушылар да өз өнерлерін ортаға салып, ұстаздарына алғыс білдірді.
 

Тағы да оқыңыз: