Kyzylorda-news.kz Бала қиялын дамытып, танымын кеңейтудің бірден-бір тәсілі – ер­тегі оқуға баулу. Ал баланың өзі ер­тегі құрап, шығармашылық қабіле­тін ашса, ұстаз бен ата-ана үшін қуаныш екені сөзсіз. Қызылордалық Айзере Төлегенова да ерте жастан талантын танытып, додаларда топ жарған ізденімпаздың бірі.

Әдебиетке құштар оқушы Қызылорда қаласындағы Байұзақ Ермекбаев атындағы №271 орта мек­тептің 4-сыныбында білім ала­ды. Жас болса да толыққанды шығарма түзіп, бірнеше ертегінің авторы болып үлгерген. Мәселен, ол бүгінге дейін «Қарлығаш пен түлкі», «Екі дос», «Малефикус», «Мысық пен тышқан» ертегілерін жазған. Барлық еңбегінде ізгілік үстемдік құрып, балаларды достыққа шақыруды мақсат тұтқан. Жаны таза шәкірттің кіршіксіз ертегілері оқырман жүрегіне жол тауып, ел ықыласына бөленуде.

Тіпті оның «Малефикус» ертегісі аясында сюжетті құрастыруға ар­налған лепбук және ертегі желісі бойынша анимациялық мультфильм жарыққа шықты. Мұндай күрделі жұмысқа Айзеренің сыныптас дос­тары –  Сайдахмет, Заңғар кө­мектессе, дубляжды жетекшісі Мөлдір Берікқызы жасаған екен. Шығармашылықты дамыту нәтиже беріп, ол 2-7 сынып оқушы­ларының «Зерде» респуб­ликалық зерттеу жобалары кон­курсының ал­ғашқы кезеңінде І орын иеленді.

– Әдеби шығармаларға құштар­лығым мектептегі ұстаздарымның қолдауы арқасында пайда болды. Көп өтпей өзім де ертегі жаза бастадым. Ертегіні оқыған әрбір бала ондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсауға әрекет жасап, жағымсыз кейіпкерлердің мінезінен сабақ алса деп ойладым. Кейін ұстазым Мөлдір Берікқызы мен ғылыми жетекшім Акерке Болатқызының қолдауымен «Ертегі терапиясы» зерттеу жобасын бастадым, – дейді Айзере.

Шәкіртті демеу оны алға жете­лері сөзсіз. Бұл орайда Айзереге шығармашылық, ғылыми бағдар беруге талпынған ұстазы Мөлдір Жалғасованың орны ерекше. Білікті педагог оқушыны түрлі додаға дайындап жүр.

– Ертегі мен ертегі терапиясын шатастыруға болмайды. Ертегі оқу арқылы баланың ойлау, сөй­леу қабі­леті дамып, ойы ашы­лады. Ал ертегі терапиясы – баланың жан дүниесін тану, емдеу, ойын дамыту, – дейді Мөлдір Берікқызы.

Ертегі оқу – баланы тыныш­тандырып, позитивке бағыттаудың әдісі. Бала негативті көңіл-күйде ұйықтамауы керек. Ертегінің соңы жақсы аяқталуы керек екенін де ескеріңіз. Ертегіде жақсылық жамандықты жеңіп, бас кейіп­кер батыр атанып, бәрі өз орнына келеді. Бұл баланы өмірде бәрі жақсы болатынына, позитивті ой­лауға дағдыландырады. Ер­тегі арқылы ақыл-ой және дене енбегінің барлық түрлерінде, ба­ланы бола­шақта қо­ғамдық іс-әре­кетке даяр­лауда, оның сезімдік қабілетін дамыту қажет. Сондықтан да күнделікті сабақ бары­сында ертегіні пайдаланар болсақ, бала­ның мінез-құлқына, се­зімталдығына әсер етіп, дұрыс тәр­биелеуге үлес қосамыз. Ал баланың өзі ер­тегі шы­ғаруға әуес­тенсе, жарты жүктің жеңілдегені.

 

Тағы да оқыңыз: