Kyzylorda-news.kz. Жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтырылу демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Тәкей Есетов атындағы № 264 мектеп-лицей жанынан құрылған «Жаз самалы» күндізгі тынығу лагері өз жұмысын бастады.
Лагерге 4 топ, 80 оқушы қамтылды. Спорттық, ән - би, қолөнер үйірмелері жұмыс жасауда және «Әрбір бала бақыт үшін жаралған!» тақырыбында лагердің ашылу салтанаты өтті. Концерттік бағдарламаны мектеп-лицей директоры Бек Сұлтанбекұлы балаларға деген ыстық ықылас лебізін білдіріп ашса, мектеп-лицей жанындағы қосымша білім беру орталығының «Жас дарын» хор және «Көркем-ай» би үйірме мүшелері өз өнерлерін көрсетіп, ән мен биден шашу шашып, жазғы тынығу лагерінің демалушы балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар лагерге қамтылушы балаларға «Қауіпсіз жаз» тақырыбында балалар жарақатының алдын алу мақсатында мәліметтер беріліп, түсіндірілді.


