Kyzylorda-news.kz Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының бір топ мүшелері Жаңақорған ауданындағы сапары барасында екі бірдей тынығу лагерінің жұмысына мониторинг жүргізді.
Фракция мүшелері алдымен Құттықожа ауылында орналасқан «Тау самалы» тынығу лагерінің жұмысын көрді. Аталған тынығу лагерінде 1 ауысымда 80 оқушы, жазғы маусымда 560 бала тынығады. Табиғаты әсем, тау бөктерінде орналасқандықтан балғындардың таза ауамен белсенді демалуына зор мүмкіндік.
Лагер аумағында суға түсетін ашық бассейн, кітапхана, ойын алаңқайлары, жатын орын, асхана қамтылған. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу мақсатында интеллектуалдық сайыстар, әртүрлі үйірмелер, ұлттық спорттық ойындар күнделікті ұйымдастырылып отырады. Осы арқылы балалардың денсаулығы мен ойлау қабілетін дамыту басты назарда. Одан бөлек, аудандық мәдениет үйі және спорт бөлімімен біріккен іс-шаралар өткізіліп тұрады,- дейді лагер басшылығы.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жазғы тынығу маусымының сапалы ұйымдастырылуы өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт екендігін атап өтіп, бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігі мен демалыс сапасына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
Мұнан соң, фракция мүшелері ауданға қарасты Бесарық елді мекенінде орналасқан «Қызылорда облыстық қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы» лагерінде болды.
Бүгінде аталған лагер тек тынығу орны ғана емес, балалардың білім көкжиегін кеңейтетін орталыққа айналған. Жыл сайын 7 ауысымда 2100-ге жуық оқушыны қабылдайтын лагер базасында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін дайындауға бағытталған оқу курстары тұрақты ұйымдастырылуда.
Лагер аумағындағы жайлы ахуал, жасыл желекке оранған табиғи орта, 4 мезгіл тамақтану, оқушыларға арналған тәрбиелік-танымдық шаралар барлығы да балалар үшін қолайлы жағдай қалыптастырылғанын көрсетеді.
Халық қалаулылары лагердің материалдық-техникалық базасымен танысып, тынығушылармен және педагогикалық ұжыммен пікір алмасты. Педагогтар оқу-демалыс бағдарламасының мазмұнына тоқталып, жыл сайын қатысушылар санының артып келе жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде фракция мүшелеріде балаларға қосымша білім беру жүйесінің маңыздылығына тоқталып, мұндай орталықтардың интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуде айрықша рөл атқаратынын атап өтті.