Kyzylorda-news.kz Мессенджерлерде күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады. Ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"2-ауысым оқушылары сабақтан тарағанда күн өте қараңғы болуына байланысты сабақ ұзақтығы уақытша 40 минутқа ауыстырылды", - делінген тараған ақпаратта.
Оқу-ағарту министрлігі Massaget.kz тілшісіне бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Сабақ уақыттарын заң бойынша жергілікті орган шешеді. Себебі аяз немесе түрлі іс-шара секілді түрлі жағдай болады", - делінген жауапта.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері күннің ерте батуына байланысты сабақ уақытын қысқарту жоспарда жоғын айтты.
Бұл хабарлама Астанадағы ата-аналар чатында тараған. Редакция Астана білім басқармасына сауал жолдады.
"Астана қаласының Білім басқармасы қысқы уақытта сабақтардың ұзақтығын қысқарту туралы бұйрық шығармады. Сол себепті, сабақ уақытын қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - деп жауап берді ведомстводағылар.