maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттер арасында «KORKYT BUSINESS CUP» бизнес-жобалар байқауы өтті.

Білім алушылардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытып, тың бизнес-идеяларды әзірлеуге бағытталған шараға университеттің түрлі институттарында білім алатын студенттер қатысып, өздерінің тың идеялары мен кәсіпкерлік жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

Байқау барысында қатысушылар экология, әлеуметтік қолдау, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын қамтитын 20-ға жуық бизнес-жобаны таныстырды.

Атап айтқанда, «ReWater-KZO», «Smart cup», «Nomad VR» интерактивті мультимедиялық этно-паркі, «SECOND CHANCE» секонд-хенд және upcycling дүкені, «ECOPOINT», «Береке» жылқы шаруашылығы, «QazaqEcoHub», «EcoPack Qyzylorda» сынды тың бастамалар ұсынылды.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобаларға да ерекше назар аударылды. Студенттер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін дамыту, қолдау орталығын құру, «Ардагер Life» және «Қолдау емес – мүмкіндік» сынды бастамаларын ортаға салды. Бұл жобалар жастардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын және әлеуметтік жауапкершілікті сезінетінін көрсетті.

«KORKYT BUSINESS CUP» СТУДЕНТТЕР ҮЗДІК БИЗНЕС-ЖОБАЛАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ.jpeg

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Экономика және құқық институтының студенті Маншук Абдыкадырова, ІІ орынды Рауан Мағражы мен Жаратылыстану институтының студенті Әлімжан Қуатбаев иеленді. Ал ІІІ орын Педагогика және дәстүрлі өнер институтының студенттері Жанерке Жұмагельдиева мен Аяулым Талғатқызына, Инженерлік-технологиялық институтының студенттері Нұрайым Жолмағанбет, Аружан Қонысбаева және Алпамыс Бауыржанұлына, сондай-ақ Экономика және құқық институтының студенттері Асылан Арыстанғалиев, Нұрасыл Әнуар және Зарина Жұмабековаға берілді.

Арнайы марапаттар «Үздік экологиялық жоба» номинациясы бойынша Алтынай Қосбайға, «Келешекке бағытталған жоба» бойынша Нұрай Әбдіманаповаға, ал «Экономикалық тиімділігі жоғары жоба» бойынша Аруна Сұлтанқызына табысталды. Сонымен қатар «Үздік маркетингтік шешім» номинациясында Ұлжан Джурабекова, Жұлдызай Асанханқызы және Асылзат Жарылқасын, «Әлеуметтік маңызы жоғары жоба» номинациясында Гүлнұр Бектасова марапатталды.

Тағы да оқыңыз: