Kyzylorda-news.kz  «Әлемді ғылым құтқарады-2024» атты ғылым айлығы аясында  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламалары №7 мектеп-лицейімен бірлесіп  «Педагог жұмысындағы тиімділік техникасы. Жас маманға арналған лайфхак» тақырыбында көшпелі ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. 

Семинарға «Орыс тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламаларының оқытушылары және 3-4 курс студенттері қатысты. Орыс тілі мен әдебиетін оқыту бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараны №7 мектеп-лицейінің директоры А.Садықбекова құттықтау сөз сөйлеп ашып берді. Семинар барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы С.Т.Жарбулова және №7 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Тынымбекқызының баяндамалары тыңдалды. 

Сондай-ақ А.С.Пушкиннің «Капитан қызы»  шығармасы бойынша сахналық қойылым  (оқытушы-зерттеуші С.И. Қудиярова), «Моцарт және Сальери» пьесасы бойынша көлеңке театры (педагог-сарапшы А.М. Сүлейменова) қойылып, панорамалық сабақ (мұғалім-жүргізуші М.Қ. Емберген) көрсетілді.   «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру  бағдарламаларының жетекшісі, ф.ғ.д., доцент П.С.Есенова қорытынды сөз сөйлеп, семинарға қатысушы  №7 мектеп-лицейінің ұстаздарына Гуманитарлық-педагогикалық институт директорының алғыс хатын табыс етті.

 

Фото: университеттің әлеуметтік желісінен

Тағы да оқыңыз: