Kyzylorda-news.kz. Мектеп кітапханасын қорын толықтыру, жастарды оқуға тарту мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы өтті.

Бұл рухани шара аясында М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп лицейінің мектеп директорының ғылыми әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәуле Әбутәліпқызы мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Жанна Кешабадинқызы мектеп кітапханасына көркем әдеби кітаптарды сыйға тартты.

Адамзат баласының қол жеткізген игілігінің бірі – білім қазынасы. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Кітап білімімізді молайтады, үлгі-өнеге мен тәрбие береді. Кітап оқу – адамға өзіндік әсер етіп, оның қалыптасуына маңызды рөл атқарады. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдаудан оқушылар да тыс қалмады. Олар кітапхана қорын әр саладағы көркем әдебиеттермен толықтыру, жас оқырмандарға қазақ әдебиетінің кітаптарын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатымен керемет кітаптарды тарту етті.

Игілікті бастама басқа да жанашыр жандардың тарапынан кеңінен қолдауға ие болуда. Алдағы уақытта оқушыларға бос уақыттарын тиімді пайдаланып, үнемі іздену арқылы тұлғалық болмысын дамыту үшін жаңаша жетістіктерге жетелейтін көркем әдебиеттер мен ғылыми әрі танымдық кітаптарды жиі оқуды тұрақты дәстүрге айналдырса білім биігін бағындырар еді.

Тағы да оқыңыз: