Kyzylorda-news.kz Ақын, аудандық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы өзінің жеке кітап қорындағы тарихи-танымдық кітаптарды аудандық орталықтандырылған кітапханаға тарту етті.
Атап айтқанда, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда», Хамит Ерғалиевтің «Шер толғау», Назымбек Дүкенбаевтың «Арқаның сырлы саздары», Бекен Әбдіразақовтың «Өмір мен көңіл», Шамсия Қалжанованың «Қалжан ахун», Зекебай Солтанбайұлының «Көпеев дастаны», С.Тайманова, Л.Сапартаева, Ж.Тұрымбетовтардың авторлығымен жарыққа шыққан «Киелі өнер иесі – Шәмшат», Мұхтар Сақтаповтың «Көңіл шуағы», Жүзбай Таңрықбаевтың «Сұлушаш» және Жұмабек Аққұловтың «Жұртымнан жүрмін жыр жинап…» және тағы басқа кітаптарды кітапханаға өткізді. Енді бұл кітаптар кітапханаға келуші оқырмандарға ұсынылатын болады.
– Кітапхана – руханият ордасы, білім мен мәдениеттің алтын бесігі. Сондықтан тұрғындар мен оқырмандар кітапханаға жаңа кітаптармен танысуға, білім алуға, оқуға келеді. Осы ретте, жеке кітап қорымдағы өзім оқып болған бірқатар кітапты кітапханаға өткізуді жөн көрдім. Кітапханашылардың жұмысына сәттілік тілеймін, оқырмандардың саны көбейе берсін. Президентіміз атап өткендей, біз кітап оқитын ұлт болуымыз үшін кітапханамен байланыс орнатып, кітапхананың жұмысына қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде кітапхана директоры А.Қонысбаев пен ұжым қызметкерлері жеке кітап қорындағы тарихи-танымдық кітаптарды аудандық орталықтандырылған кітапханаға тарту еткен ақын, аудандық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлына ризашылығын білдіріп, жұмысына шығармашылық сәттілік тіледі.
Фото: автордан
Алтынай ЖҮНІСОВА