Kyzylorda-news.kz А.С.Пушкин атындағы кітапханада Халықаралық орыс тілі күніне орай «А.С.Пушкиннің өміріндегі неміс ойшылдары» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Іс-шара Славяне және Неміс этномәдени орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылды және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік онкүндік аясында өткізілді.

Бағдарлама А.С.Пушкиннің портретіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Кештің ашылуында Славяне орталығының төрағасы Галина Щербакова сөз сөйлеп, Пушкиннің орыс әдеби тілінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі мен орыс тілінің қазіргі әлемдегі орны туралы баяндады.

Шара барысында Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек құттықтау сөз сөйлеп, мәдени әртүрлілік пен халық достығын дәріптейтін мұндай жобалардың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Кеш мазмұны ұлы ақынның шығармашылығындағы неміс мәдениетінің ықпалына арналды. Қатысушылар Пушкин өміріндегі неміс текті тұлғалар жайында тың тарихи деректермен танысты. Сонымен қатар, оқушылар мен кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдерін орыс және неміс тілдерінде мәнерлеп оқып, көркем шығармаларынан үзінділер ұсынды. Музыкалық бөлімде скрипкада классикалық туындылар шырқалып, “Сударушки” вокалдық тобының орындауындағы әсем ән кеш қонақтарына ерекше әсер қалдырды.

Кеш соңында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов сөз алып, көпэтносты қоғамдағы мәдениетаралық үнқатысу мен рухани сабақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол кешке қатысқан барлық этномәдени бірлестіктерге ризашылығын білдіріп, Пушкиннің шығармашылығы түрлі этностар арасындағы рухани байланысқа дәнекер бола алатынын атап өтті.

Сондай-ақ, кеш барысында әр этномәдени бірлестіктің төрағалары мен белсенді мүшелері А.С.Пушкиннің өлеңдерін оқып, ақын мұрасына деген құрметтерін білдірді.

ассам.jpg

Тағы да оқыңыз: