Kyzylorda-news.kz 24 қазан – Кітапханашылар күні. Бүгінде облыс бойынша 209 мемлекеттік кітапхана бар. Ондағы барлық кітаптар саны 4 561 006 дананы құраса, облыс кітапханалары жыл басынан бері 196 865 оқырманға қызмет көрсеткен. Айтулы күнге орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап және қаламгер» атты республикалық семинар өтті. 

Семинар жұмыстарына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мамандары арнайы келіп, облыс кітапханашылары үшін шеберлік сабағын өткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас мәлімдеді.

– Бүгінгі семинар драматург, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың 115 жылдығымен қатар, 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Семинарда облыс кітапханашылары «Өрелінің өрісі кең» тақырыбында ұйымдастырылған интеллектуалды ойынға қатысты. Жалпы, бүгінде облыс кітапханаларының қорында 9 411 дана жаңа кітап алынып, 148 422 құжат цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, кітап оқуды насихаттау және халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында "Кітапшоу", "Kitap Time" фестивальдері, республикалық "Бір ел - бір кітап" акциясы, "Үздік оқырман" бенефисі, "Оқитын өлке" акциясы, "Кітаппен бірге өсеміз" жобалары мен оқу марафондары, акциялар ұйымдастырылды.

Өңірдегі кітапхана ісін дамыту мақсатында жаңа бастама да қолға алынды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен аудандардағы орталық кітапханалардың жұмыс режимі 9.00-ден 00.00-ге дейін ұзартылды. Қазіргі таңда біздің кітапханада 1 003 дана сирек және құнды басылым болса, оның 72-сі қазақ тілінде. Одан бөлек, "Адал адам" мәдени-тәрбиелік орталық жанынан "Әлем BOOK" оқырмандар клубы құрылып, жоспар бойынша мәдени шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді,- деді Нұрлыбек Кәрібозұлы.

кітапханашылар күні.jpg

Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: