Kyzylorda-news.kz. Астана қаласында ІІІ Халықаралық ECOJER конгресі өтті. Халықаралық конгресте бірнеше елдің экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлері қатысты. Бұл туралы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейнің «Facebook» парақшасында жарияланды.

Шара барысында «Жасыл экономика», «Жасыл мемлекет» тақырыбында пленарлық кездесулер мен дискуссиялар ұйымдастырылды. Халықаралық конгресс аясында «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» Ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жиында Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейнің директоры Айгүл Алтынбекқызы арнайы барып, марапат төрінен көрінді. 

«Біз бұл жетістікке мектептің ғылыми жетекшісі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Биология, география және химия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Құрманбаев Рахат Хамитұлымен бірлескен жүйелі жұмыстың, үздіксіз дамудың, тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеттік. Білім беру саласы жыл санап жаңарған мазмұн, жаңа технология көмегімен алға қадам жасауда. Талабы мен талғамы өскен қоғам мектеп қабырғасында баланың теориялық білімімен қатар, практикалық білігінің де қалыптасқанын көздейді. Білім беру ұйымдарында заман талабына сай ұстаздардың және жаңашыл жобалардың болуы үлкен жетістіктерге жетелейді. Мектеп-лицейіміз Сыр өңірінде алғашқылардың бірі болып «Жасыл мектеп» жобасын қолға алып, оқушылардың ғылыми жобаға әзірлігін шыңдау үшін таптырмас ресурсқа айналған жылыжай ісін жандандырып отыр. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде жоба аясында ЖЕТЕКШІ-ТІРЕК мектеп атандық. Еліміздің Ұлттық оқу орындарымен де үздіксіз экологиялық білім беру бағытындағы іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен бірлескен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысып, тәжірибе алмасудамыз. Жоспарға сәйкес жыл көлемінде біршама жобалар, шаралар жүзеге асырылды. Шәкірттеріміздің белсенділігі мен алғырлығының нәтижесінде мектеп беделі артты. Мектептің межелеген барлық жоспарлары жүзеге асып, бағындырар белестеріміз көп болсын! Алтын ұямыз өсіп-өркендеп, абыройымыз асқақтай берсін! Жеңісіміз құтты болсын, әріптестер», - деп жазба қалдырды мектеп ұжымы. 

Тағы да оқыңыз: