Kyzylorda-news.kz  Қызылордадағы NIS оқушысы Даниал Шакизада «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауында І орынға ие болды.

Даниал информатика, робототехника және STEM-инженерия секциясында өнер көрсетіп, CodeQuest мобильді оқыту қосымшасын таныстырды. Бұл жоба оқушылардың бағдарламалау бойынша базалық дағдыларын қалыптастырады және геймификация элементтері арқылы оқу үдерісін қызықты әрі интерактивті етеді.

Жоба жетекшілері Разия Баймурзаева мен Гүлфайруз Базарбаевамен бірге Даниал геймификацияның оқушылардың бағдарламалауға деген қызығушылығын арттырудағы тиімділігіне зерттеу жүргізді. Қосымшада оқу материалдары, практикалық тапсырмалар мен тесттер, квест-карта және шағын ойындар енгізген. Алғашқы болып сыныптастары іс-тәжірибеден өткізіп, қосымшаның функционалдық мүмкіндіктері мен практикалық пайдасын жоғары бағалады.

Алдағы уақытта жас өнертапқыш тапсырмаларды күрделендіріп, челлендж форматындағы жарыс элементтерін енгізуді, сондай-ақ қосымшаны iOS және Android платформаларында қолжетімді етуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Зерде» республикалық байқауына еліміздің барлық өңірлерінен 347 оқушы қатысып, 272 ғылыми жоба қорғалды. Байқау математика, физика, химия, биология, информатика, робототехника, STEM-инженерия және өзге де бағыттарды қамтып, жас зерттеушілердің жоғары ғылыми әлеуетін көрсетті.

Тағы да оқыңыз: