Kyzylorda-news.kz Қызылордалық оқушы Алтын Исламова ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын дайындайды. Әрбір жасаған дүниесі көздің жауын аларлықтай. Көрген адам оның еңбегіне жоғары баға беріп жатады. Жас қолөнер шебері  ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасауды 2022 жылдан бастап қолға алған. Сол жылдың шілде-тамыз айларында алғашқы дүниелерді жасап шығарады. Оның қолөнермен айналысуына анасының жасап берген шолпысы, әрі,  ұстаздары мен сыныптастарының жылы сөзі.

− Қазақ халқы ертеден ырымға сенеді. Әсіресе, көз тию, тіл өтуден сақтанып жатады. Анашым менің тізеден келетін ұзын шашыма көз тиіп кетпесін деген ниетпен маған фурнитураларды біріктіріп, кішкентай көлемді шолпы жасап берген еді. Оны жіппен байлап өте қарапайым етіп жасап шығарды. Шолпыны мектепке тағып бардым. Сол сәтте мектеп басшылығы, ұстаздар және мен сыныптастардан көп жылы сөз естігенім есімнен кетпейді, − дейді ол.

Сондай-ақ, жазғы демалысын тиімді өткізуді ойлаған Алтын анасының шолпысын аздап әрлеп, өзі ұнатқан бөлшектерді қосып қайта жасап шығарады. Осылайша қолда бар құралды, шынжырды және тиынды біріктіріп ерекше дүние дайындайды. Бұл оның қолөнер бұйымдарын жасауға деген қызығушылығын одан сайын арттырып, ынтасын жігерлендіре түседі.  

− Менің алғашқы жасаған бұйымым шашыма арналған шолпы еді. Рас, алғашқыда өзім қолөнер бұйымдарын қалай жасау керек екенін білмейтін едім. Қажетті ұсақ бөліктер қолымда жоқ еді. Соған қарамастан қыздың көркіне айналған, қос бұрымның көркін ашатын ұлттық бұйымға деген қызығушылығым басым болды. Шын ниетіңмен істегің келген жұмысқа барлығы табылады. Оған уақыт та жетеді, көңіл бөліп жасасаң алынбайтын қамал жоқ.
Алғашқы бұйымдарыма қанша уақыт жұмсағаным қазір есімде жоқ. Алайда қазір қолым үйреніп, осы саланың қыр-сырын меңгеріп келемін. Қазір оған көп уақыт жұмсай бермеймін. Тапсырысты уақытында орындауға тырысамын, − дейді.

15 жасынан зергерлік бұйымдарды жасаумен айналысып, тапсырып қабылдап жүрген шебердің бұл ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. 
Бүгінде Алтын шолпы, сырға, алқа және өзге бұйымдарға қажет жабдықтарды Қызылордадан алса, кейбір заттарды Алматыдан алдыртып отыр. Әрбір бөлшекті біртіндеп біріктіріп оларды тастармен қосып, шынжырлайтын бұйымның қиындығы көлеміне қарай 1 сағатқа дейін уақытты қажет етеді екен.

Қазіргі таңда мұндай бұйымдарға деген сұраныс пен қызығушылық артқан. Осы ретте шебер нәзік жандылардың талғамына сай түрлі бұйымдар жасап отыр.

− Әлбетте, барлық нәзік жандылардың ата-баба өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Қазақ арулары ұзын бұрым, шолпы-сырғасымен келбетіне көрік қосады. түседі. Шолпымды көрген үлкен ризашылығын білдіріп жатады. Жылы сөз айтып, батасын береді. Дос қызымның туған күніне сыйлық ретінде көздің жауын алатын, талғамына сай келетін шолпы табыстаған едім. Оның сол сәтте қуанғаным көріп, өзім ерекше сезімге бөлене түстім. Мен жасаған бұйымдарды үйдегі қыздар да тағып жүреді. Оларға сыйға тартқанды ұнатамын. Мектеп қабырғасында жасаған жұмыстарыма көзі түсіп, сатып алған оқушылар бар. Мектепте «Бегім ана» атты қлттық өнерді дәріптейтін шаңырақ бар. Кіші сыныпта білім алып жүрген қыздар өздерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылығы ерекше екенін айтып жүреді. Айтпақшы, кезінде сайыста, қыз сыны байқауында, мерекелерде шашбау, шолпы сияқты бұйымдар таба алмай қиналатын едік, −дейді.

Бүгінгі күні Алтын Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады. Онда қолөнерге, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіруге барынша қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді. 

− Қолөнеріме лайықты қолайлы орта туғызды. Мектеп қауымдастығы түгелдей мен жасаған бұйымдарды жоғары бағалайды. Маған жылы лебізін білдіріп жатады. Шашымның ұзындығына рақметін айтады. Үлкендер қазақ тарихында шаштың ұзын болуы жөнінде қызық әңгімелер айтады. Меніңше, осындай қолдау маған қолайлы орта туғызып, ұлттық әшекей-бұйымдарды дамытуға жол ашқан тәрізді. Қазіргі күні бұнымен хобби ретінде айналысып жүрмін. Алдағы уақытта  қолдаушылар мен қызығушылық танытатындар саны өсіп жатса, осындай бұйымдарды дамыту ойымда бар. Тіпті өсе келе бұл хобби үлкен кәсіпке ұласып кетуі де ғажап емес. Қазақы нақыштағы ұлттық әшекейлер деген атпен әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті дүние ретінде дәріптеліп жатса қандай ғанибет. Оны алдағы уақытта көре жатамыз,− дейді шебер.

Алтын қолды алтын қыз өзінің бастауын ұзақ уақыт бұрын алған және әшекей-бұйым бағытында осы жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алған майталмандарды жиі бақылайды. Олардың өнерін жоғары бағалайды. Оның қызығушылығы болашақта осы саланың майталманы болуға әкелуі мүмкін. Барлығы уақыт еншісінде.

Тағы да оқыңыз: