Kyzylorda-news.kz Қоғамның белсенді, креатив пен жастық жалынға толы мүшесі − жастар. Өскелең ұрпақтың рөлі мен маңызы әрқашан да жоғары бағаланады. Олардың білімге, жаңашылдыққа ашықтығы қуантады. Түрлі салада жас болса да көш бастап  жүрген жастар қатары көбеюде. Бүгін журналистика саласындағы жастардың қолтаңбасы жайлы айтпақпыз.Сыр журналистикасының тарихы тереңде жатыр. Дәстирлі БАҚ-тың қайнар көзіне айналған Сыр журналистикасында жаңа буын өсуде. Бұл салаға енді келетін немесе мамандықта окитын студенттер газет, журнал, сайт және облыстық телеарнамен тығыз байланыста.

Республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің арнайы «хаттар» бетінде болашақ журналистердің тындылары жиі жарық көреді. Олар жасөспірімдер қызығатын түрлі тақырыпта қалам тербеуде. Бұл қызылордалық жастардың БАҚ саласына қызығушылығын көрсетеді.

Мәселен,  И.Құтпанұлы атындағы ЖББОМ 11-сынып оқушысы Айжан Талғатқызы  «Жүрек қалауым – журналистика» тақырыбындағы шағын материалында: 

− Адамзат баласының өміріндегі ең жауапты да маңызды сәттердің бірі – мамандық таңдау. Мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Себебі сенің таңдауың өміріңді өзгертіп, болашағың ертеңгі күнің болмай ма? Менің ойымша, әрбір адам өз түйсігіне, жүрек қалауына сеніп, болашақ мамандығын таңдауы қажет.Менің қазіргі таңдауым – бала кездегі арманым журналист болу. Бұл біреудің айтуы немесе ата-анамның калауы емес. Жүрегім қалап тұрған арманымның болашақта шындыққа айналғанын қалаймын.Журналистика – қиын да қызықты мамандықтардың бірі. Батылдықты, шыдамдылықты және тапқырлықты талап етеді. Әрқашан шындықты көрсетіп, әділдікті жақтайтын адам ғана журналист бола алады. Қоғамдағы өткір мәселелер де журналистің қозғау салуымен жарияланып жататыны шындық. Менің мамандығым – менің болашағым. Болашақта өз ісімнің шебері болып, қарапайым халыққа көмектескім келеді, − дейді.

«Дені сау адамның мың тілегі бар» мақаласында  «Дені сау адамның мың тілегі бар, ауру адамның бір тілегі бар» деген сөз әркез мені ойландырады. Меніңше, әрқашан саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын күтіп, қадірін білетін адам болашағына немқұрайлы қарамайтындардың санатына жатады. Ата-бабаларымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Себебі адамның денінің сау болуы – баға жетпес басты құндылық.Кейінгі жылдары саламатты өмір салтына, айналаны көгалдандыруға, қоршаған ортаға деген зиянды азайтуға аса мән беріліп, бұл мәселе қолға алынып келеді. Осы тұрғыдан өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауды өскелең ұрпақтың бойына қазірден бастап сіңіру қажет. Өйткені адам өмірінде деннің саулығына жетер ештеңе жоқ. Мәселен, байлығымыз асып-тасып жатқанымен денсаулығымыз болмаса, дүниенің қызығынан не пайда? Адамның жиған-терген дүние- мүлкі мен қаражаты оның құлан-таза сауығуына мүлдем көмектесе алмауы мүмкін. Деннің саулығынсыз табысты болуға ұмтылудың да мәні жоғалады.

Біз тек ауырып, қиналған уақытта ғана сау кезіміздің қадірін білеміз. Деннің саулығы мен бос уақытының қадірін білмеу – адам баласына тән жағдай. Көбіне адамның денсаулығы оның тамақтануымен тығыз байланысты. Экологияның нашарлауы, қозғалыссыз өмір салты, фастфуд тағамдар адам ағзасына, әсіресе жастардың саулығына кері әсерін тигізеді. Егер ұзақ әрі бақытты өмір сүремін десеңіз, денсаулықты сақтау қағидаларын ескеру керек. Дені сау адам – қоғамның белсенді бір мүшесі және ұлттың байлығы» делінген.

Ал Аружан Мұратқызы: «Бала күнімде әлемде болып жатқан оқиғаларды хабарлап, оны түсіндіруге көмек беретін журналистерге қатты қызығатынмын. Жалпы журналистика қоғамдық пікірді қалыптастыратын маңызды мамандықтардың бірі деп есептеймін. Қазіргі қоғамда журналистиканың рөлі зор. Журналистер ақпараттың шынайылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету арқылы қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Журналист болуға бірнеше себеп бар: әлемді тануға деген құштарлық, әділеттілік пен шындыққа ұмтылыс, өзгерістерге ықпал ету. Журналистика – бұл тек мамандық емес, сонымен қатар ауқымды миссия, үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, бұл өте қызықты мамандық. Бұл мамандықты таңдау арқылы қоғамға пайдалы болуды және адамдарға қажетті ақпаратты жеткізуді көздеймін» де»ді.

Ол сондай-ақ, өнер тақырыбына қызығады. 

Өнер адамның ішкі әлемін, сезімі мен ойын, өмірлік тәжірибесін бейнелейді. Көптеген өнер туындыларында адам сұлулық пен мінсіздіктің символы ретінде бейнеленеді. Өнердегі адам жиі өзінің терең сезімі мен эмоциясын көрсетеді. Қазіргі заманғы өнердегі адам бейнесі әртүрлі және көпқырлы деп есептеймін. Мысалы, цифрлық өнерде адамның бейнесі виртуалды және кеңейтілген шындық контекстінде қарастырылады. Бұл – көпқырлы және өзгермелі образдар. Өнер сұлулық пен мінсіздік, сезімдер мен эмоциялар, әлеуметтік және мәдени контекст, рухани ізденістер және қазіргі заманғы мәселелерді бейнелейді. Осылайша өнердегі адам образы әрқашан маңызды және өзекті болып қала береді әрі болашақта да жаңа қырымен байып, үнемі дами береді.

Өздеріңіз білетіндей биыл облыстық «Сыр бойы» газетіне 85 жыл, «Ақмешіт апталығы» газетіне 30 жыл толды. Қос мерейтой қарсаңында Сыр медиа» ЖШС-нің ұйымдастыруымен жас ақындар мүшәйрасы өтті. Тақырыбы журналистикаға сәйкестендіріліп оқушы ақындар «Журналистика – мәні терең мамандық»  тақырыбында өлең жазды. Сайыстың нәтижесі бойынша бас жүлдені  жас ақын Ұлықбек Бектай иеленді. Ал  І орынды Мерей Қалабай, ІІ орынды Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш, ІІІ орынды Расул Жеткерген, Нұрайна Жүсіпбекова, Талшын Оспан еншіледі.  «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша  Нұрбек Ақтай марапатталса, Азамат Қонысбек, Ботагөз Мұхамбетжанқызы мен Мерей Шәкратқа алғыс хат табысталды. Шара нәтижесінде барлық қатысушы арнайы сыйлықтарға ие болды. Ұлт тарихын түгендеп, елдік және ерлік дәстүрді, өңірдің оң имиджін насихаттап, ақпарат жаршысына айналған басылымдар мәртебесін көтеру, «Сыр бойы» газетінің 95 және «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдық тарихын насихаттау, журналистика саласына өзіндік қолтаңбасымен келген дарынды тұлғаларды дәріптеу және құрмет көрсету, аймақ жастарының «Ақмешіт жастары» газетімен байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылған кешке қызыққан оқушылардың көбейгені қуантады. Бұл аймақ жастарының журналистика саласын құрметтейтінің айғағы.

Жастарға кеңес ретінде ағылшын тілін меңгеру тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақбота Сейтқасымова жазды. Материалына зер салсақ.

Бүгінде ағылшын тілі – нағыз іскерліктің тілі. Бұл тіл көпшілік адамға өзінің жеке өмірін, ортасын өзгертуге мүмкіндік беріп жатқаны баршаңызға мәлім.

Қазір ағылшын тіл үйрететін курстардың жарнамасы көп. Көптігі соншалық шатасатынымыз белгілі. Бағасы арзан, уақыты жағынан тиімді деп, еш нәтиже шықпайтын курстарға алданып қалатынымыз тағы бар. Тіл үйрететін курстарға қатысқанда ең алдымен білім сапасына, қатысқан адамдардың ой пікіріне назар аударып, бағасы және оқыту деңгейлеріне көңіл бөлу қажет. Қолданып жүрген ұялы телефон арқылы онлайн платформалармен тіл үйренуге болады.

Алдарыңызға сол платформалардың бірнеше тізімін ұсынамыз.

«Duolingo» платформасы ойын арқылы ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік береді. «App Store», «Play market» қосымшаларынан таба аласыздар.

«FluentU» қосымшасы – ағылшын тілін видео контент арқылы үйренуге арналған платформа. Ерекшеліктері – видео сабақтар, интерактивті субтитрлар, сөздік қорды дамытуға арналған жаттығулар көп.

«EngVid» – ағылшын тілін үйретуге арналған youtube арнасы. Тәжірбиелі мұғалімдер видеосабақтар, әртүрлі деңгейлерге арналған тақырыптар бойынша оқытады.

Жоғарыда атап өткен онлайн платформалар бүгінде үздіктер қатарында.

Ал, онлайн немесе оффлайн курстар жайлы тоқталып өтсек.

Studylink – Қазақстандағы онлайн/оффлайн форматта ағылшын тілін үйренуге арналған курс. Тек ағылшын тілін меңгертіп қана қоймай, «IELTS», «TOEFL» секілді халықаралық емтихандарға дайындалуға мүмкіндік береді.

InterPress International House – Қазақстанда бірнеше филиалы бар ағылшын тілін үйрету орталығы. Халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламалары, білікті мұғалімдермен жұмыс жасау мүмкіндігіне ие бола аласыздар.

Курстар мен платформалардан бөлек, қазіргі кезде ағылшын тілін оқыту арқылы танымал болған мұғалімдер де бар.

Мағжан Советбек – әлемдегі үздік 20 ағылшын мұғалімінің қатарындағы ұстаз. Ол тиімді оқыту әдістерімен қатар интерактивті материалдар мен заманауи технологияларды пайдаланады. Жеке және топтық сабақтар өткізеді, сондай- ақ онлайн курстар мен вебинарлар ұсынады.

Гүлмира Серікқызы – еліміздегі ағылшын тілін үйрететін тәжірбиелі маман. Оқушылары оның кәсіби тәсілі мен түсінікті әдістемесін жоғары бағалайды.

Ағылшын тілін біліп қана қоймай, дамушы орта тауып, шет елде оқи аласыз. Бірақ тіл үйренудің де тиімсіз жағы бар екенін білесіз бе? Ағылшын тілін үйрену көп уақыт пен күш- жігерді қажет етеді. Жақсы нәтижеге жету үшін сабақ, оқулық, тілдік курс немесе репетиторлардың қызметі қажет болуы мүмкін. Бұл айтарлықтай шығынды талап етеді.

Ал екіншіден, жаңа тілді үйрену кейде стресc туғызуы мүмкін. Сөздік қорды кеңейту, грамматика ережелерін меңгеру және сөйлеу дағдыларын дамыту ұзақ уақыт алып, құлшыныстың төмендеуіне әкеледі.

Дегенмен, ағылшын тілін үйрену барысында қандай қиыншылықтар жолықса да, сол кедергілерден өтуді мақсат ету қажет. Тіл үйрену арқылы үлкен мүмкіндіктерге ие боласыз. Ағылшын тілін үйрену – жеке және кәсіби өсуге жасалған маңызды қадам.

Ал газетке жарияланған келесі туындысы:

Фобия – адамның белгілі бір жағдайдан, объектіден немесе іс-әрекеттен қорқуы. Кейбір фобиялар баршаға ортақ болса, кейбірі қызықты болып көрінеді. Әлемде кездесетін ең қызықты фобия түрлерімен танысып өтсек.

«Фобия» терминін австриялық дәрігер және психиатр Зигмунд Фрейд енгізген. Ол бұл терминді адамдарда кездесетін қорқыныштарды сипаттау үшін пайдаланған. Фрейд пациенттерді емдеу барысында ерекше және негізсіз қорқынышы бар адамдарды жиі кездестірген. Айталық, адамдардан қорқатын фобия түрі бар екенін білдіңіз бе? Мұндай ерекше фобия түрі «антропобия» деп аталады.

Деректерге сүйенсек, әлемде шамамен 400-900 млн адамның фобиясы бар. Мәселен, аэрофобия – ұшақта ұшудан қорқу. Бұл фобияның таралуы 2.5% көрсеткішті құрайды.

Аракинофобия – өрмекшіден қорқу. Таралуы 3-15% көрсеткіш. Ал глоссофобия – қоғам алдында сөйлеуден қорқу. Бұл фобия түрінің таралуы 15-30% көрсеткішті көрсетеді. Акрофобия – биіктіктен қорқу. Таралуы – 8.7%

Бұл фобиялар – адамдар арасында кеңінен етек алған және жиі кездесетін қорқыныштың бірі.

Тағы бір қызықты фобия түрі – «Номофобия». Номофобия – мобильді телефонсыз қалу немесе байланыссыз болудан қорқу. Бұл фобия жастар мен жасөспірімдердің арасында жиі кездеседі. Жалпы бұл қорқыныштың пайда болуына өзіміз қолданатын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді дәлел ретінде атап өтсек болады. Бүгінде адамдар әлеуметтік желі арқылы алыс немесе жақын маңайдағы жандармен кез келген уақытта еш кедергісіз байланыса алады. Егер сәл уақытқа әлеуметтік желілерді қолданбай, ақпарат көздерімен байланыссыз қалса, бұл жағдай номофобияның тууына себеп болады.

Тағы да қызықты қорқыныш – тетрафобия. Бұл 4 санынан қорқу. Мұндайда адамдар саннан қорқады, әсіресе 4 санын көрсе, өзін мазасыз сезінеді.

Ал венустрафобия – әдемі әйелдерден қорқу. Осы қорқыныштың арқасында «өте әдемі емес» әйелдердің де тұрмысқа шығуға мүмкіндігі бар. Тек осындай жанды тапсаңыз болғаны.

Гиппопотомонстросесквипедалиофобия — өте ұзын атына қарап, бұл ұзын сөздерден қорқу екенін түсінуге болады.

Дорафобия – жүні бар жануарлардан қорқу.

Педиофобия – қуыршақтардан қорқу. Тек келбеті қорқынышты емес, барлық түрдегі қуыршақтарға деген қорқыныш.

Агирофобия – кез келген түрдегі жолдан өтуге қорқу. Мұндай жандар қалада тұра алмайды.

Әлемде қызықты әрі ерекше, адам атын естісе қорқатын фобия түрі көп. Мұндай үрей жанжануарлар және қоршаған ортамен байланысты.

Адамдар қорқып өмір сүруі үшін емес, бойларында туындаған қорқынышын жеңу үшін өмір сүреді. Сондықтан фобияны жеңуге болатынын ұмытпаған жөн. Ал құрметті оқырман, сіздің бойыңызда үрей туғызатын фобия бар ма?

Студенттер қызықты зерттеу тақырыбына да мән беруде. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушысы  Самал Қайратқызы «Журналистикадан саясатқа: аты әлемге әйгілі ақпарат өкілдері» туралы жазды.

«Бүгінде журналистика саласы туралы түрлі пікір қалыптасқан. Кейбірі жалақының аздығынан журналистика карьера жасау үшін қолайсыз мамандық деп шешкен. Енді бірі сөз бостандығының жетіспеушілігіне наразы. Дегенмен ақпарат саласында айта да, жаза да білетін, көпшілікті ізіне ерте алатын көшбасшылар бар. Ел алдында жауапкершілік алып, саясат биігінен көрінгендер жетерлік. Біз бүгін төртінші биліктен бірінші биліктің қатарына енген тұлғалар туралы айтпақпыз.

Борис Джонсон – Ұлыбританияның премьер-­министрі

Бәріміз білетіндей, Ұлыбритания билігін патшалық отбасы тізгіндейді. Десе де бұл – тек консерватистік идея мен монархияның жалғасын табуы үшін ғана. Негізі Ұлыбритания билігі премьер министрдің қолында.

Бүгінде Ұлыбританияның премьер министрі – Борис Джонсон. Борис саясатқа келмей тұрып, “Times” журналында, сондай-ақ “The Daily Telegraph” газетінде тілшілік қызмет атқарған. Көбіне оның мақалаларын орта жастағы немесе орта жастан асқан қауым сүйіп оқыған деседі. Өзінің “Достарым менің” деп бастайтын сөзімен елдің назарын аударып, құрметіне бөленді.

Михаил Горбачев – КСРО басшысы

1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы қай-қайсымыздың да жадымызда. Кеңес өкіметін бір уақыттары басқарған Горбачев та өзін журналистикада сынап көрген екен. Ол бір уақыттары “Комсомольская правда” газетінің редакторы болған.

Барак Обама – АҚШ­тың 44­інші президенті

Трампқа дейін АҚШ-ты басқарған ең алғашқы Американың қара нәсілді президенті – Барак Обама екені бәрімізге белгілі. Экс-президент те журналистика саласынан бейхабар емес. Обама өзін саясатта сынап көрмес бұрын “Harvard Law Review” басылымына мақалалар жазған. Өзі заңгер болған соң, заң, қылмыс тақырыбындағы өзекті мәселелерді қозғаған екен.

Уинстон Черчилль – Ұлыбританияның экс­-премьер­-министрі

Уинстон Черчилльді көбіміз батылдығымен, лидерлік ораторлық қабілетімен танимыз. Қатыгез мінезімен де біршама есте қалған. Ол өзін әскери салада көре алмаған соң, бұл сала туралы тек мақала жазуғабекінеді. Осылайша біраз уақыт Кубада “Daily Graphic” газетінде әскери корреспондент болып еңбек еткен. Тіпті кей мақалалары “The New York Times” басылымында жарияланған» деді.

2014 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты Даму Институты және журналистика факультетінің Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі дүниежүзілік радио күнін айрықша атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биылғы радио күніне арналған мектеп «Радиохабар таратудағы жасанды интеллект: жаңа форматтары мен практикасы» тақырыбында өткен еді. Бұл білім алаңына да қызылордалық болашақ журналистер қатысты. 11 жыл дәстүрлі түрде өтетін #worldradioday хештегімен танымал бұл іс-шара – радио саласының қыр-сырымен таныстырып, әлемдік деңгейдегі маңыздылығын дәріптейді.

Радио – халыққа сенім мен қолжетімділікті ұсына алатын ақпаратты таратудың қуатты құралы. Бұл платформа әлемдік деңгейде кеңінен қолданыста және БАҚ-тың бұлжымас бір бөлігі болып қалатыны хақ. Сондай-ақ радиожурналистика ілгері, қарқынды дамуды тоқтатпаған құнды сала. Кең аудиториямен байланыс орнатады. Биылғы тақырып жасанды интеллекттің игіліктерімен ұштасып жатыр. Радио арқылы хабар таратуды зағип жандар, нашар еститіндер үшін автоматтандырылан субтитрлер, ымдау тілін қолдану арқылы оңтайландыру күн тәртібінде.

Оған қоса, жасанды интеллект жаһандық дәрежеде жаңғуруын жалғастыруда. Бүгінде «Chat GPT», «Siri», «Алиса» іспеттес цифрлық технологияның көмегіне жүгінбейтін адам жоқтың қасы. Ақпарат өте тез тарағандықтан соң, оның өзектілігі демде сейіліп кетеді. Әлеуметтік желі пайда болғалы жаңалықтың рас-өтірігін ажырату тіптен мүмкін болмай бара жатыр. Алайда осы бір олқылықтардың орнын жасанды интеллект арқылы толықтыруға болады..

Білім алаңында ҚазҰУ-нің білікті мамандары мен журналистика саласының мамандары дәріс берді. Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самектің және Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева шараның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты.

Қысқы мектепке Қазақстанның әр өңірінен, Ауғанстан, Бангладеш, Эпиофия, Қытайдан келген студенттер мен оқытушылар қатысты. Форум 14-16 ақпан аралығында Алматы облысы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі, Белбұлақ шатқалы, «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде өтті. Әр студентке сертификат беріліп, белсенділік танытқан білім алушыларға дәрежелі дипломдар табысталды.

Өңірлік журналистика туралы айтқанда  3 жыл жарық көрген 5 томдық «Сыр журналистикасының тарихы» кітабына ерекше тоқталу қажет. Жинақтың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вес­ти», «Ақмешіт жастары» газет­терінің, «Сыр медиа» ЖШС тарихы топтастырылған. Екінші томда «Ақмешіт апталығы» мен аудандық 7 басылым туралы деректер жинақталса, үшінші кітап аймақтағы электронды БАҚ, баспахана тарихы және республикалық БАҚ тілшілері туралы. Жинақта тәуелсіз басылымдар жөніндегі мәлімет пен Сыр бойынан шық­қан белгілі журналистер тәжі­рибесі, шеберлік дәрістері топтастырылған.

 

Қорлан САРЫ

Фото:tenbook.ru

Тағы да оқыңыз: